Спикердің айтуынша, облыс негізінен аграрлық өңір болып табылады, сондықтан ауыл шаруашылығы саласындағы басты міндеттердің бірі – импортқа тәуелділікті азайту және өңірді өз өндірісінің негізгі азық-түліктерімен қамтамасыз ету.
«Биыл 5 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы шамамен 101 млрд теңгені құрады. Өсім негізінен мал шаруашылығында өндіріс көлемін ұлғайту, мал басының өсуі және қайта өңдеу есебінен қамтамасыз етілді», – деді облыс әкімі.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егісі 4,5 млн га құрады, оның ішінде дәнді дақылдар 3,2 млн га, майлы дақылдар – 960 мың га. Нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қанықтыру үшін қарақұмық алқабы үш есе, картоп пен сәбіз алқабы екі есе ұлғайды, деп атап өтті СҚО әкімі.
Көктемгі дала жұмыстары оңтайлы мерзімде жүргізілді. 200 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізілді, бұл жалпы республикалық көрсеткіштердің 30% құрайды.
Мал шаруашылығын дамытуға баса назар аудару жылдың 5 айында ет өндірісін 7,1%-ға, сүт өндіруді 4,4%-ға арттыруға мүмкіндік берді, деп есептейді өңір басшысы. Бұл ретте ол жыл сайын облыс республика бойынша сүт көлемінің 10% немесе 650 мың тоннаны өндіретінін атап өтті. Бұл нәтижеге 30 заманауи өнімділігі жоғары сүт-тауар фермаларын салу арқылы қол жеткізілді. Облыс жалпы қуаты 13 мың бас болатын тағы 17 СТФ құрылысына кірісуде, оның 9-ы биыл тапсырылады.
«Осындай бір кешен ауылдық жерлерде 50 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Фермалардың осындай ауқымды құрылысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырудың арқасында мүмкін болғанын атап өтемін. Егер 2019 жылға дейін ел бойынша жылына осындай 2 кешен салынса, СҚО жыл сайын 8-10 ферманы іске қосады», – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, жоба бойынша пайыздық мөлшерлеме 2,5% құрайды, қаражат 10 жылға беріледі. Жеңілдік кезеңі – екі жыл. Биылдан бастап СҚО тәжірибесі елдің басқа өңірлеріне таратылады.
2023 жылы СҚО-да ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 77,5 млрд теңге болатын 31 жоба іске асырылуда. Олардың ішінде сүт-тауар фермалары, құс фабрикалары, жылыжайлар, көкөніс қоймалары және т.б. бар. Экстракциялық май өндіретін ірі зауыттың іске қосылуымен облыста майлы дақылдарды қайта өңдеу 90%-ға дейін ұлғаяды. Қазіргі заманғы жылыжайлар өңірдің көкөністер мен шөптерге деген қажеттілігінің үштен бірін жабуға мүмкіндік береді, деп қорытындылады А.Сапаров.