Қазір олар құжаттарын рәсімдеп, субсидия алуға әзірленуде. Орталық коммуникациялар қызметінде Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен брифингте өңір әкімі Айдарбек Сапаров осындай көрсеткіштерді атап өтті.
Облыс басшысының пікірінше, мәселені шешу үшін тұрғын үймен де қамтамасыз ету керек. Мұны мемлекет пен кәсіпкерлердің өзара іс-қимылы арқылы жасауға болады, яғни ауылшаруашылық кәсіпорындары өз қызметкерлеріне жеңілдік шарттарымен үй сала алады.
«Қазір Мәжілістің қарауында заң жатыр. Мысалы, 10 млн теңгеге үй салса, оның 5 млн теңгесін мемлекет субсидия ретінде қайтарады. Сонда шаруашылықтардың басшылары өздері барып, керек адамды өздері таңдап, механизатор керек пе, комбайнер керек пе, механик керек пе, сол жаққа барып таңдап алады», – деп нақтылады ол.
Облысқа, оның ішінде ауылдық жерлерге медициналық кадрларды тарту тетіктері пысықталды.
«Халыққа 1400-ге жуық дәрігер медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлер тапшылығы - 183 адам. Бұл тар шеңберлі мамандар – анестезиологтар-реаниматологтар, акушер-гинекологтар, онкологтар. Біз көтермеақыны көбейтеміз. Бұрын ауылдарға барған дәрігерлерге біз 2,5 млн теңге төлесек, қазір 5 млн теңгеге дейін ұлғайтып жатырмыз. Сонымен қатар ауылда абаттандырылған баспанамен қамтамасыз етеміз. Қалаға баратындар үшін көтермеақы мөлшері – 3,5 млн теңге», – деді А. Сапаров.