Уағдаластық шеңберінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі авиациясының әуе кемелеріне қызмет көрсетіледі, жөнделеді, сондай-ақ қозғалтқыштарды бақылау әлдеқайда жедел жүзеге асырылады. Бұл қызмет көрсету және жөндеу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Еуропадағы құтқару қызметтерінің көпшілігі осы принцип бойынша жұмыс істейді.

«Регламенттік жұмыстарды жүргізуге жұмсалатын уақыт жағынан алып қарасақ та, бұл тез. Шамамен 7-10 күн. Яғни, айлап күтпейміз. Жұмыс 4-5 айға немесе одан да ұзақ уақытқа созылған кездер болды. Ал мына келісім бізге әуе кемесінің осы түрін барынша пайдалануға мүмкіндік береді», – деді «Қазавиақұтқару» АҚ бас директоры Болат Абайділдинов.

«Safran Helicopter Engines Germany» компаниясының бас директоры Франсис Ларрибоның айтуынша, адамдарды құтқару керек болғанда, тікұшақтың қолжетімді болуы өте маңызды.

«Біздің мақсат – «Қазавиақұтқару» операторы тек операциялық жұмыспен ғана айналысады, ал біз өнеркәсіпшілер ретінде тікұшақтар мен олардың қозғалтқыштарының тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бәрін жасаймыз», – деді компания өкілі.