Биылғы жылдың 5 айында мегаполис экономикасы қарқынды түрде өсті. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 122,2%-ға дейін жеделдеді. Экономикалық өсімнің драйверлері сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік пен қоймалау болды. Негізгі капиталға 484 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл ретте жеке инвестициялар 2,7%-ға өскен.

«Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Осы жылдың басынан бері 29 400 жұмыс орны ашылды. Оның 60%-ы тұрақты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасының өсуін 5-5,5% деңгейінде бағалап отырмыз», – деді қала әкімі.

Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары бекітілген. Сонымен қатар қаланы одан әрі дамыту жөніндегі бекітілген Жол карталары даму бағдарламасын іске асырудың негізгі қадамдарын қамтиды.

«Бүгінде Алматы қаласының жобалық офисі базасында 9 Жол картасын жүзеге асыру қарқынды жүргізілуде. Біздің ең үлкен мақсатымыз – Алматыны бәсекеге қабілетті экономикасы бар, халықаралық деңгейдегі жайлы және қауіпсіз қалаға айналдыру», – деді Е. Досаев.

Биыл мамыр айында Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Бас жоспар Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын ескере отырып, полицентризм принципіне негізделген. Бас жоспарда 2040 жылға қарай халық санын 3 млн адамға дейін көбею болжамын және экономиканың орташа жылдық 5%-ға өсуін ескере отырып, 5 полицентр құрылымының бірегейлігін қалыптастыру қарастырылған.

«Білім беру және денсаулық сақтау нысандары қадамдық қолжетімді болады. 200 жаңа мектеп және 80-нен астам медициналық мекеме салынады. Қоғамдық көліктің үлесі 60%-ға дейін ұлғайтылып, 210 шақырым жаңа жол, 3,6 мың инженерлік желі және ауданы 2 750 гектар жаңа саябақтар мен скверлер салынады», – деп түйіндеді қала басшысы.