Әкімнің айтуынша, жолаушылар ағымының ұлғаюына байланысты және Алматы қаласының тұрғындарына көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жедел қоғамдық көлікті дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Адамдар көп жүретін мезгілде метропиолитеннің ағымдық жүктемесін төмендету үшін қозғалыс аралығын 25%-ға азайта отырып, биыл 2 жылжымалы құрам қосылды. Қала басшысының нақтылауынша, бүгінде метрополитенде қозғалыс интервалы 6 минут 12 секундқа дейін жеткізілген.

Сонымен қатар Қалқаман станциясының құрылысы жалғасуда, оның аяқталу мерзімі - 2025 жыл. «Шығыс қақпасы» полиорталығына дейін ұзындығы 25 шақырым жедел рельстік көлік желілері мен 3 жаңа метро станциясын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

«Қоғамдық көлікті экологияландыру үшін коммуналдық парк үшін 600 бірлік жаңа автобус пен 100 бірлік троллейбус сатып алынады. Сондай-ақ 100 мектеп микроавтобусын осы шілденің соңына дейін сатып алуды аяқтаймыз», – деді Е. Досаев.

Жыл басынан бері қалада 5 жаңа автобус бағыты ашылған. Сондай-ақ Алматы облысының 89 елді мекені мен 200 мың тұрғынды қамтитын 10 қала маңындағы бағыттарды ашу жоспарланып отыр. Оны күзде ашамыз, деді әкім.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде газбен және электр қуатымен жүретін автобустардың үлесі 2023 жылы 46%-ға дейін артады. Ал дизельмен жүретін автобустардың үлесі 41%-ға дейін төмендемек.

Сонымен қатар Алматы қаласының әкімі қабылданған бас жоспарды ескере отырып, бүгінде қаланың көлік каркасын қалыптастыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын жеткізді. Үлкен Алматы айналма жолына алты радиалды жолды ұзарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда Мөңке би көшесі бойынша қозғалыс ашық, Саин және Рысқұлов даңғылдары бойынша ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Абай даңғылы, Солтүстік айналым мен Тілендиев көшелері бойынша ЖСҚ әзірленуде.

«Үлкен Алматы айналма автожолын ашу мегаполистің көше жолы желісінің жүктемесін орта есеппен 20%-ға азайтады», – деп нақтылады Е. Досаев.