Спикер атап өткендей, Мемлекет басшысының Алматы қаласының экономикасын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасы аясында заманауи технологияларды пайдалана отырып, экономиканы дамытуға баса назар аударылатын болады. Осы мақсатта шағын және орта бизнесті дамыту, «Алматы» индустриялық аймағын кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Әкімдіктің есебі бойынша 2023 жылы шетелдік туристер саны 450 мың адамға дейін, ал ішкі туризмде 1,5 млн адамға дейін артады.

Алматы үшін туристік инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор. Осыған байланысты, әкім атап өткендей, оңтүстік астананың нөмірлік қоры қонақүйлер мен хостелдерде 3 мың төсек-орынға ұлғаяды. Жыл соңына дейін 320 бөлмелі 2 қонақүй ашылады. Сондай-ақ Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында ұзындығы 150 км болатын 3 жаңа кемпинг-аймақ, 10 тау бағыты құрылатын болады. Барлық бағыттар цифрландырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәдениет және спорт министрлігі қалалық әкімдікпен бірлесіп Алматы агломерациясы шеңберінде Түргеннен Қаскеленге дейінгі тау кластерін дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде.