Спикердің айтуынша, 2017-2018 жылдары жүргізілген сейсмоаудит Алматы қаласын 27 тектоникалық ақаулар кесіп өтетінін анықтады. Бүгінде оларда 1116 нысан, оның ішінде 362 сейсмикалық емес ғимараттар орналасқан.

«Мемлекет басшысы 2000 жылдан кейін салынған қала нысандарына жаңа сейсмоаудит жүргізу туралы ұсынысымызды қолдады. Жұмыс биылғы жылдың шілде айында басталып, келесі жылы аяқталады. 16 700-ден астам нысан тексеріледі», – деді қала әкімі.

Бұдан басқа, биыл 20 млрд теңге сомасына 16 әлеуметтік нысан күшейтіледі. 34 нысанды сейсмикалық күшейтуге ЖСҚ әзірленуде. Жаңа сейсмоаудит Алматы қаласы нысандарының паспортын соңғы 5 жылдағы қаланың белсенді дамуын ескере отырып жаңартуға мүмкіндік береді, деп атап өтті Е.Досаев.

Сондай-ақ қала әкімі қала тұрғындарын 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтып берді. Биыл қазан айында Наурызбай ауданының шығыс бөлігіндегі Қарғалы өзенінде су тарту құрылғысының құрылысы аяқталады. 50 мың қала тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізе алады.

«Қаланың батыс бөлігінің 100 мыңға жуық тұрғынын қамти отырып, Ақсай өзенінде су тарту құрылғысының құрылысы жалғасуда. Жалпы өнімділігі тәулігіне 50 мың текше метрден асатын Ерменсай өзені мен Барлық базарының маңындағы екі су тарту құрылғысының құжаттары әзірлену сатысында. Қабылданған шаралардың арқасында 2025 жылға қарай Алматының 250 мыңнан астам тұрғыны орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізе алады», – деді мегаполис әкімі.

Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне қатысты әкім 2023 жылы 2 қосалқы станция іске қосылатынын атап өтті. Бұл 400 мыңнан астам азаматқа тұрақты электр қуатын алуға мүмкіндік береді. 300 мыңнан астам тұрғынды жылумен қамтамасыз ету үшін қыркүйек айында екі жаңа қазандықтың құрылысы аяқталады, деп қорытындылады Алматы әкімі.