Ішкі істер органдарының қызметкерлері әрқашан өз өмірін қатерге тігіп, ерлік жасап, адам өмірін сақтауға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға әрқашан дайын.
Қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысты тергеу – мұның бәрі полицейлерден жауапкершілікті, кәсібилікті, жанқиярлықты және батырлықты талап етеді.
Қазіргі уақытта қазақстандық полиция қызметтің жаңа моделіне көшуде.
«Бүгінгі таңда тек қылмыспен күресу аздық етеді, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең бастысы полицияның адамдарға бейімделуі маңызды», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесінің трансформациясы туралы.
Президент барлық азамат заң алдында тең болса ғана құқықтық әділетті мемлекет құруға болатынын айтты. Бұл ретте негізгі бағыттардың бірі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін қалыптастыру болып табылады. Қазіргі кезде бюрократиядан арылып, халыққа жақын болуға негізделген полиция қызметінің сервистік үлгісінің қазақстандық моделін енгізу жұмыстары жалғасуда, яғни тәртіп сақшылары халықпен тікелей жұмыс істейді.
Осы бағытта бірқатар шара қабылданды. Учаскелік инспекторлардың рөлі күшейтілді, «Қадамдық қолжетімділіктегі полиция» қағидаты енгізіліп жатыр, полиция қызметін цифрландыру және жүйеішілік қайта құру жұмыстары қолға алынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді – ҚР ҚК өзгерістері 15 мамырдан бастап, ӘҚБтК 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді.
Қазақстандық полицейлер киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күреске бағытталған жаңа жобаларды қолға алды, биыл мамырда заманауи IT-технологиялармен жасалған қылмыстарды ашуға арналған алғашқы криминалистикалық цифрлық зертхана іске қосылды.
Қылмыстық істерді тергеудің жедел және сапалы болуы, сондай-ақ азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін қылмыстық процесті оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бейне форматы енгізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта ІІМ әзірлеп жатқан қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасын талқылау жалғасуда.
Кәсіби мереке болса да, ішкі істер органдарының қызметкерлері бұл күні жұмыста болып, заң бұзушылыққа жол бермей, тәртіптің сақталуын күзетеді.
Сонымен қатар бұл күні қазақстандық полицейлер ерен еңбегі үшін наградалармен және алғыс хаттармен марапатталады, ардагерлерге құрмет көрсетіліп, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендерді еске алу шаралары ұйымдастырылады.
Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдарының 816 қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан, 4 628-і жарақат алған, 1779-дан астамы мемлекеттік наградалармен, оның 157-сі қайтыс болғаннан кейін марапатталды.