Мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі мен кәсібилігі мемлекеттілікті нығайтудың және ел азаматтарының әл-ауқатын арттырудың маңызды факторлары болып табылады.

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік аппараттың бюрократизмнен арылуға және халыққа адал қызмет етуге бағытталған сервистік үлгісін қалыптастыру процесі басталды.

«Министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бұл мақсатта мемлекеттік қызметті модернизациялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Мемлекеттік аппараттың сервистік үлгісін қалыптастыру үшін заңнамаға мемлекеттік қызметке кәсіби мамандарды тартуға, мериократия принциптерін ілгерілетуге, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен айқындылығын арттыруға ықпал ететін бірқатар өзгертулер енгізілді. Мемлекеттік қызметке орналасу процесін цифрландыру белсенді жүргізілуде, бұл мамандарды бәсекелестік және ашық іріктеу жағдайында тартуға мүмкіндік береді.

Биыл қоғам игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген 90 мыңға жуық қазақстандық төл мерекесін атап өтеді.

Бұл күні Қазақстанда ант беру рәсімдері, адал қызметтері үшін наградалар тапсыру салтанаттары ұйымдастырылады, сондай-ақ еліміздің үздік мемлекеттік қызметшілері анықталады.

23 маусым – бұл ел мүддесін бәрінен биік қоятын адамдардың мерекесі.