Елімізде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының жол картасы және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.
Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым объект анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын 4400 объект осындай талапқа сай келуі қажет. Ал биылғы 1 маусымындағы жағдай бойынша 9 128 объект бейімделді.
Түркістан облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1294 объектіні бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 объектінің 517-сінде жергілікті атқарушы органдар тиісті іс-шараларды жүргізді.
Еңбек министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталған 517 объектінің 159-ының толық бейімделгені расталды, 358 объект ішінара бейімделген деп танылды. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін 259 объектіні бейімдеу жоспарлануда.
Бұдан басқа мемлекеттік бақылау шеңберінде Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 70 тексеру жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 67 ұйғарым берілді, жалпы сомасы 5,6 млн теңгеден астам сомаға 42 әкімшілік айыппұл салынды.