Сауда нүктесі Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округі кәсіпкерлерінің бастамасымен ашылды. Павильонның ашылуына жоба қатысушылары барлығы 4,5 млн теңге жұмсаған.

Мәртөк ауданы – «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда көшбасшы. Аудан тұрғындарынан жобаға қатысу үшін 864 млн теңгеге 167 жоба қабылданған, 91 жоба іске асырылуда. Жобаның арқасында Тәңірберген ауылдық округі белсенділік танытып келеді, мұнда жұмыссыздық жойылды.

«112,2 млн теңгеге 25 жоба мақұлданды. 10 отбасы құс шаруашылығымен, 7 жеке қосалқы шаруашылық – өсімдік шаруашылығымен, 8 – шағын бизнес ашумен айналысуда. «Ақтөбе» ӘКК-де тағы 5 жоба қаралып жатыр. Біз оларға облыс орталығынан сауда нүктесін ашып, өнімді сатуға жәрдем көрсетуге уәде бердік. Ауыл тұрғындары өндірісті жолға қойды, ал біз тікелей өткізу нарығын ұйымдастырдық», – деді ауылдық округ әкімі Медет Бекжанов.

Жалпы, өңір бойынша 6,5 млрд теңгеге «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға 1337 өтінім берілді, 1006 жоба мақұлданды, 2,1 млрд теңгеге 485 жоба қаржыландырылды.