Әкімнің айтуынша, қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалуда. Жыл басындағы жағдайға сәйкес елорда халқының саны 1 млн 370 мың адамды құрады. Қала басшысының айтуынша, бұл көрсеткіш Бас жоспардың болжамынан бірнеше есе көп. Жыл сайын қалаға 50 мыңнан астам жаңа тұрғын келеді, 30 мың бала туады. Күн сайын Талапкер, Қосшы, Қоянды сияқты қала маңындағы елді мекендерден елордаға 150 мың адам келіп-кетеді. Сондықтан 50 мыңдай қалада тіркелмеген және басқа өңірлерден келіп жұмыс істеп жүрген азаматтар да бар, деді Ж. Қасымбек.
«Қаланың тез дамуы мен халық санының өсіміне байланысты елорда алдында бірқатар жаңа міндеттер бар. Бұл - тұрақты экономикалық өсімді сақтау, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау, инфрақұрылымдық даму және экологиялық тораптарды қамтамасыз ету, миграциялық ағымды бақылау. Осыған орай біздің алдымызда күрделі міндеттер тұр. Ол – миграцияның жоғары қарқыны жағдайында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша тиімді шаралар кешенін қабылдау», – деді Астана әкімі.
Бірінші кезекте бұл - тұрақсыз жұмыспен қамтылған адамдарды тіркеу және анықтау, жеке атаулы қолдау шараларын ұсыну. Сонымен қатар, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді тегін курстарда оқытып, әрі қарай жұмысқа орналастыру.
«Жалпы, жыл соңына дейін 60 мың жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз», – деді Ж. Қасымбек.
Негізгі жұмыс орындары шағын және орта бизнес салаларында құрылмақ. Әкім қазірдің өзінде елорданың экономикалық белсенді тұрғындарының 70%-ы жұмыс істейтінін айтты. Шағын және орта бизнестің қала экономикасына салатын үлесі шамамен 69,5% құрайды. Былтыр ШОБ 11,4 трлн теңгеге өнім шығарды.
«Биыл кәсіпкерлердің 4 мың жобасына жалпы сомасы 29,5 млрд теңгені құрайтын қаржылық көмек көрсету жоспарлануда», – деді әкім.
Елордада 154 инвестициялық жобадан құралған пул жасалды. Биыл 24 кәсіпорынды іске қосу күтілуде, жалпы, жыл соңына дейін 1,3 трлн теңгені құрайтын инвестицияларды тарту жоспарланып отыр.