«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлерді аяқтау әкімдіктің ерекше бақылауында. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының екінші кезеңі аясында тұрған барлық проблемалық үлестік нысандарды аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл 16 проблемалық үлестік нысан, шамамен 32 көппәтерлі тұрғын үй. 4 мыңға жуық үлескер жарты жыл ішінде пәтерлерінің кілтін алады», – деді әкім.
Жеңіс Қасымбек биыл қаңтар айынан бастап инженерлік желілерсіз және бас жоспармен келісілмеген құрылыс жүргізуге жаңа рұқсаттың берілмейтінін атап өтті.
Сонымен қатар, қандай да бір құрылыс компаниясы құрылысты техникалық шарттардың толық пакетінсіз жалғастыратын болса, құрылыс учаскелеріндегі жұмыстар толығымен тоқтатылады және компания жосықсыз компаниялардың «қара» тізіміне енгізіледі.
Оның айтуынша, Астанада нақты, тығыз құрылысқа қарсы күрес жүргізілуде.
«Қалада осындай 22 нысан бар. Біз барлық нысандарды білеміз. Олар бойынша көршілес тұрғын үйлердің тұрғындарының бастамашыл топтарымен және құрылыс салушылардың өкілдерімен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Қазір екі нысан сотта қаралуда, қалғандары бойынша шешім бар. Учаскелер тұрғындардың пікірін ескере отырып, әлеуметтік нысандар салу үшін пайдаланылатын болады», – деді елорда әкімі.
Ол жерлерге мектептер, емханалар, қоғамдық кеңістіктер (скверлер, бульварлар, аулалар), балабақшалар салынады.