«Кәсіптік біліктілік туралы» Заңның негізгі мақсаты – азаматтардың білімін, дағдылары мен машықтарын бағалаудың тәуелсіз және объективті жүйесін құру. Заманауи еңбек нарығының айрықша белгілері – экономиканы цифрландыру, жұмыстың жаңа форматтары, өмір бойы оқыту тұжырымдамасы болып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің айтуынша, заң әлемдік тәжірибені егжей-тегжейлі талдап, отандық ұлттық біліктілік жүйесінің ағымдағы нәтижелерін ескере отырып әзірленді.
«Еңбек нарығындағы мықты бәсекелестік жағдайында жаңа дағдыларды үйреніп, басқа мамандықтарды да игеріп отыруымыз қажет. Бүгінгі күні көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі тек екі жыл бойы сақталады. Осыған байланысты енгізіліп жатқан жүйе жұмыс іздеу және жаңа жұмысқа бірінші кезекте түлектерді орналастыру кезінде катализатор болады», – деп нақтылады О.Ордабаев.
Осылайша, тәуелсіз сертификаттау біріншіден, азаматтардың өз құзыреттерін нақты бағалауға, екіншіден, өз білімдерін, дағдыларын растауына мүмкіндік береді. Жеке жұмыс берушілерге де қызметкерлердің біліктілігін растайтын құжат қажет. Бұл жағдайда сертификат кейбір мамандықтар бойынша жұмысқа қабылдау кезінде негізгі құжатқа айналады. Бұл ретте формалды немесе баламалы білім беру процесінде аталған құзыреттерді бағалауға болады, дейді вице-министр.
Жұмыс беруші үшін сертфикаттау өте тиімді, өйткені бұл жұмысқа тек қана тексерілген азаматтарды алуға мүмкіндік береді.
«Өз біліктілігін растау үшін жұмыс іздеуші арнайы орталыққа жүгінеді. Бағалау процедурасының өзі теориялық және практикалық емтихандар түрінде жүзеге асырылады. Тәуелсіз бағалаудан сәтті өткен азаматтарға сертификат беріледі. Бұл ретте сертификаттар еңбек нарығында басқа құжаттармен қатар танылады», – деп түйіндеді О. Ордабаев.