Ауғанстан Қазақстан үшін ұн өткізудің басым нарығы болып табылады, ол осы тауар экспортының жалпы көлемінің 70% құрайды. Былтыр ұн жеткізу көлемі 52% (2021 жылы 895 126 тоннадан 2022 жылы 1,3 млн тоннаға дейін), бидай – 20%-ға (2021 жылы 571 704 тоннадан 2022 жылы 686 729 тоннаға дейін), күнбағыс майы – 6,2 есеге (2021 жылы 2825 тоннадан 2022 жылы 17 576 тоннаға дейін) артты, биыл қара бидай жөнелтіле бастады. Сондай-ақ Қазақстан Ауғанстанға бидай, күнбағыс майын, зығыр тұқымын жеткізеді. Соңғы кездері Ауғанстанға жеткізілетін экспорт әртараптандырылып, дәрілік заттар, тыңайтқыштар жөнелту мен жалға беру тұрақталды.

«Ауғанстан Орталық Азияның барлық елдерінің ішінде Қазақстанмен ең көп сауда жасайды. Былтыр өзара тауар айналымы $1 млрд-қа жетті. Алдағы жылдары біз бұл көрсеткішті $3 млрд-қа дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді СИМ вице-министрі Қайрат Төребаев.

Ауғанстан Орталық Азияның көлік дәлізі, сондай-ақ  Орталық Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдері арасындағы байланыстырушы көпір болып табылады. Қазақстанға Карачи және Гвадар теңіз порттарына, одан әрі Үндістанға, Таяу Шығыс елдеріне, Африкаға шығу мүмкіндігін ашады. Бұл қазақстандық экспорттаушылар үшін сауда жасау үшін жаңа және өте тартымды нарықтар.

Анықтама: Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы $987,9 млн құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе артық ($474,3 млн). Бұл ретте, әдеттегідей, бұл көрсеткіштің шамамен 90%-ын қазақстандық экспорт, негізінен өңделген өнім құрайды.

2023 жылдың 5 айында елдер арасындағы сауда-саттық $316,6 млн құрады, оның $310 млн қазақстандық экспортқа тиесілі.

Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салаларында $500 млн астам сомаға жеткізудің экспорттық әлеуетіне ие.