ТЖМ хабарлауынша, судағы өлімнің басты себептерінің бірі – халықтың, әсіресе балалардың суда болумен байланысты қауіптерді түсінбеуі. Суға бату жағдайларының 97%-ы жабдықталмаған жерлерде, көбінесе тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде болды.

Ведомство судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқаруда?

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 193 қауіпсіз балалар жағажайы жасалды, жыл басынан бері 46 448 бала жүзу дағдыларын үйренді. Мүдделі мемлекеттік органдармен және ІІМ-мен бірлесіп 228 908 адамды қамтитын 68 мың рейд жүргізілді. Бұл ретте ортақ су пайдалану қағидаларын, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны, қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде болғаны үшін шамамен 7230 хаттама толтырылды.

Спикердің айтуынша, бүгінде кәсіби құтқарушылар ірі су айдындарының 231 учаскесінде қызмет атқарады. Сонымен қатар ЖАО және судағы демалыс орындарының иелерімен бірлесіп 435-тен астам құтқару бекеті құрылды. Қосымша 46 рұқсат етілген шомылу орны құрылды. Жалпы, ел бойынша шомылуға рұқсат етілген 612 орын белгіленді.

Алайда, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, судағы қайғылы оқиғаларды болдырмау мүмкін емес болып отыр. Дегенмен, статистикаға сәйкес, мұндай оқиғалар саны азайған.

«Үш жыл ішінде мыңнан астам қазақстандық, оның ішінде 321 бала суға кетті», – деді ТЖМ генерал-майоры.

Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері қарапайым: тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде шомылмау; судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау; балаларды су айдынында қараусыз қалдырмау; мас күйде суға түспеу.