Спикердің атап өтуінше, ұлттық жобаны іске асыру жоспарына сәйкес және балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамтуды қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін 223 мың жаңа орын ашу жоспарланған. Егер бүгінгі таңда кезекте 300 мыңға дейін бала тұрғанын ескерсек, бұл шаралар балалардың 70%-ын мектепке дейінгі біліммен қамтуға мүмкіндік береді.
«Соңғы бес жылда мектепке дейінгі ұйымдарда орын алу кезегі 2,5 есеге қысқарған. Бұл ретте мәселені жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерді ашу есебінен шешуге болады. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері елімізде 307 мектепке дейінгі ұйым ашылды, оның 304-і - жекеменшік. Олар 30 мыңға жуық баланы қамтиды», – деді мектепке дейінгі білім департаментінің басшысы.
Оның айтуынша, ұлттық жоба аясында 2023 жылы 81 мың баланы қамту көзделіп отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Мектепке дейінгі білім беруді жаңғырту жөніндегі түбегейлі шаралар ҚР Білім беру жүйесін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында, сондай-ақ Мектепке дейінгі білім беруді дамыту моделінде айқындалған. Бүгінгі таңда барлық жұмыс 2022 жылы қабылданған заңнамалық актілердің айналасында құрылуда. Бұл Мемлекеттік білім беру стандарты, Үлгілік оқу бағдарламалары мен жоспарлары, сондай-ақ Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік ережелері.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі білім беру педагогінің мәртебесін арттыруға да баса назар аударылады. Қазіргі уақытта жүйеде 98 мың педагог жұмыс істейді, оның 65 мыңының білімі жоғары. Соңғы төрт жылда педагогтердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өсті, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ол тағы 30%-ға көтеріледі. Биыл 21 мың педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
«Осы шаралардың барлығы қазір орын алып отырған кадр тапшылығын жабу үшін педагогтерді мектепке дейінгі білім беру жүйесіне тартуға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді департамент директоры.
Н. Жұмаділдаева мектепке дейінгі білім беру жүйесін жақсартуға бағытталған басқа да шаралар туралы айтып берді. Мәселен, 2023 жылдан бастап мектепке дейінгі балалар ұйымдарында кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы іске асырылады, отбасындағы өмірлік жағдайға байланысты ата-аналардың мектепке дейінгі ұйымдарды таңдауында жаңа тәсіл пысықталады. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарынан 97 мың бала мектепке дейінгі ұйымдарға тегін барады.
«Жаңа тетіктер мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және қабылдау бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді, деректердің бірыңғай тізілімі құрылады, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдер азаяды», – деп қорытындылады Оқу-ағарту министрлігінің өкілі.