Жамбыл облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1295 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 нысанның 577-сінде жергілікті атқарушы органдар бейімдеу шараларын жүргізді.
Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталға 577 нысанның 516-сының толық бейімделгені расталды. 61 нысан ішінара бейімделген деп танылды. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін тағы 199 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Мемлекеттік бақылау шеңберінде Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 30 тексеру жүргізілді. Тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 21 ұйғарым беріліп, 966 мың теңгеге 4 әкімшілік айыппұл салынды.
Елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.
Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 нысан сай келуі қажет. Ал биылғы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 277 нысан бейімделді.