Биылғы жылдың 7 айында республика тұрғындары арасында 25 нозология, оның ішінде тырысқақ, оба, паратифтер, іш сүзегі, туляремия, сіреспе, дифтерия, полиомиелит, құтырма, безгек, листериоз т.б. аурулар тіркелген жоқ. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39 инфекциялық ауру, оның ішінде ботулизм 45%-ға, ротавирустық энтерит 25%-ға, қышыма 9%-ға, сальмонеллез 12%-ға, туберкулез 6%-ға төмендеген. Ал қызылшамен сырқаттанушылық өсіп отыр. Қазіргі уақытта ел бойынша қызылшамен ауырудың 3 мыңнан астам жағдайы тіркелген.

Сонымен қатар ҚР аумағында аса қауіпті инфекциялардың – оба, туляремия, күйдіргі ауруының, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромы бар гемморагиялық қызба және тағы басқаларының табиғи ошақтары орналасқан, деді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

«Жазғы кезең кенелердің белсенді болуымен байланысты аурулардың өсуімен сипатталады. Республикада еліміздің төрт өңірінің – Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары бар», – деді ол.

Жыл сайын өңірлердің әкімдіктері мен санитарлық-эпидемиологиялық аумақтық департаменттері сырқаттанушылықтың алдын алу мақсатында көктемде табиғи ошақтарға қарсы іс-шараларды жүргізеді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз елді мекеннің айналасында санитариялық қорғау аймақтары және буферлік аймақтар құрылды. Мал қоралары кенеге қарсы өңдеумен қамтылды.

«247 елді мекеннің айналасында санитариялық қорғау аймақтары және 1 мыңнан астам елді мекенде буферлік аймақтар құрылды. 7 млн астам мал басы және мал қоралары кенеге қарсы өңдеумен қамтылды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық жағдай өткен жылдың деңгейінде», - деп нақтылады А. Есмағамбетова.

Биыл сәуір айынан бері Конго-Қырым гемморагиялық қызбасының 33 жағдайы тіркелген. Оның ішінде, 13 жағдай - Түркістан облысында, 11 жағдай - Қызылорда облысында, 7 жағдай - Жамбыл облысында және Ақтөбе облысында және Шымкент қаласында 1 жағдайдан тіркелді. Бұл жағдайлардың 53%-ында ауруларды кене шаққан, 30%-ы малды күтумен байланысты болған, 3%-ында науқас эндемиялық аймақтағы табиғатта болған.

Негізгі алдын алу шаралары – табиғатқа шыққан кезде кене репелленттерін қолдану; киімге түскен кенелерді уақытылы анықтау үшін өзін-өзі тексеру және қасындағы адам бір бірін тексеруі керек; ауыл шаруашылығы жануарларын қырқу және жүнді өңдеу жұмыстарын қорғаныш киіммен және қолғаппен орындау; кене шағып алған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну.