Қазіргі уақытта байланыс операторларының жұмысы қосымша құрылғылар орнатуға және қазіргі жабдықтарды жаңғыртуға, сондай-ақ өңірлерде ұялы байланысты дамытуға бағытталған.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, Астанада қосымша құрылғылар орнатуды қажет ететін 600-ден астам орын бар. Оның 39-ы бойынша мәселе шешілді. Тиісті жұмыстар өңірлерде де жүргізілуде. Бұдан басқа, ЦДИАӨМ әкімдіктермен, ұялы операторлармен бірлесіп Жол карталарына қол қояды.

«250 және одан артық халқы бар барлық елді мекендерде келесі жылдың соңына дейін барлық үш ұялы байланыс операторы болады және клиенттер өз таңдауын жасайды. Біз 6 облыспен 250-ден аз адам тұратын елді мекендерге мобильді интернетті қалай тартуға болатындығы туралы Жол карталарына қол қойдық. Бұл қиын, осы ретте мемлекеттік бағдарламалар бізді жақсы ынталандырады», – деді Beeline Қазақстанның бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.

«Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» бас директоры Сергей Коньков 5G желісін енгізу туралы айтып берді.

Компания өткен жылы аукционда жеңіске жетіп, 5G технологиясын орнатуға мүмкіндік алды. Бірінші кезекте бұл өсіп келе жатқан трафикті тиімді өңдеуге жол ашады.

«Адамдарда трафиктің сапасына қатысты проблемалар болмас үшін жаңа технологияларды енгізу қажет. Бұл тұрғыда ең перспективтісі – 5G. Бүгінгі таңда 5 G желілерін пайдалана алатын клиенттер саны шамамен 15% құрайды. Бұл көрсеткіш ай сайын өседі», – деді С. Коньков.

Өз кезегінде «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбеков мемлекет тарапынан рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету жағынан, ал қоғам тарапынан мобильді байланысты бірінші қажеттілік құралы ретінде түсініп, қабылдау бойынша қолдаудың болғаны маңызды екенін атап өтті.