AD Ports Group өңірлік директоры Абдулазиз Зайед Әл-Шамси және Semurg Invest компаниясының бас директоры Нұржан Марабаев Келісімді өз қолдарымен бекітті.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров атап өткендей, БАӘ Қазақстанның маңызды сауда-инвестициялық серіктесі болып саналады. 2023 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша БАӘ-ден Қазақстанға $209,7 млн көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды (2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге өсті).

2005 жылдан бастап 2023 жылдың 1-тоқсанына дейін $3,38 млрд мөлшерінде инвестициялар тартылды. 2023 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша Қазақстанда араб капиталының қатысуымен 250 компания жұмыс істейді.

«Саржа» ММТ жобасы Қазақстанның ірі инфрақұрылымдық жобаларының тізіміне кіреді және шетелдік инвесторлар арасында үлкен қызығушылық тудырады.

«Бүгінде болашақ терминал аумағында УСҚ жұмыс істейді, екі айлақтың, кірме теміржол жолдарының, астық терминалының бірінші фазасының және бас жүк терминалының құрылысы аяқталды. Көп ұзамай алғашқы жүктерді ауыстырып тиеу қолға алынады. Жобаны толық іске асыру Транскаспий халықаралық көлік маршрутының өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», – деді Нұржан Марабаев.

Абдулазиз Зайед Әл-Шамси келісімге қол қойғаннан кейін әмірліктер тарапы Құрық портымен Орталық Азиядағы экспорттық маршруттарды дамыту үшін аса маңызды көліктік-логикалық бастаманы іске асыру бойынша ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін атап өтті.

Биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ-ге сапармен барды. Келіссөздер мен инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында АD Ports Group компаниясы қазақстандық теңіз порттарының инфрақұрылымын дамыту саласында ынтымақтастық орнату жөнінде ниет білдірді.

Наурыз айында AD Ports Group компаниялар тобының өкілдері Құрық портына жұмыс сапарымен барды, оның барысында араб серіктестеріне «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының жобасы таныстырылды, сондай-ақ ынтымақтастық жоспарлары талқыланды.

AD Ports Group БАӘ-де 10 порт пен терминалға иелік етеді және басқарады. Әрбір нысан стратегиялық орналасқан және әлемдік нарықтарға қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін теңіз, әуе, автомобиль және теміржол байланыстарын пайдаланады.

«SEMURG INVEST» ЖШС Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының иесі және әзірлеушісі болып саналады. Жоба Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасына енгізілген, сондай-ақ орта дәлізді дамытуда және экспорттық маршруттарды әртараптандыруда маңызды рөл атқарады. Жобаға астық терминалы, әмбебап жүк терминалы, сұйық жүк терминалы, жалпы жүк терминалы және көлік-логистикалық орталық сияқты бірнеше терминал кіреді. Жобаның жалпы жоспарланған ауыстыру қуаты жылына 10 млн тоннаны құрайды.