Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 15 мың шақырымнан асады. Еліміз Қытай, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстанмен шектеседі. Сондай-ақ мемлекеттік шекара сызығы Каспий теңізі бойымен Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан арқылы да өтеді. Қазақстанның геосаяси орналасуы Орта Азия ішіндегі аймақтарға тән қауіп-қатерлердің кең спектрін қамтиды, деді Шекара қызметінің өкілі. Оның ішінде заңсыз көші-қон, есірткі трафигі, контрабанда, діни экстремизм мен терроризмді айтуға болады.
Шекара қызметі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып аталған қауіптердің алдын алуда. Қазақстан шекарасы табиғи ерекшеліктеріне байланысты теңіз, өзендер және өзге де су айдындары, таулы аймақтар, шөлді, құмды жерлер, теміржол және тас жолдар бойымен өтеді. Халық аз қоныстанған ауқымды аумақтар мен елді мекендер көп шоғырланған экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлер де шекара бөлімшелерінің қорғауында.
«Шекараны күзету мәселелері бойынша іргелес мемлекеттердің шекара ведомстволарымен ынтымақтастық белсенді жүргізілуде. Шекара периметрі бойынша серіктестермен екіжақты келісімдер шеңберінде жұмыс жасаймыз. Мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз ету бойынша мәселелерді жедел шешуге тырысамыз», – деді С. Ахметқалиев.
Ол инженерлік жабдықтау дәрежесі мемлекеттік шекарадағы жедел жағдайға, ол жердегі қауіп түрлеріне, қарқынына, көршілес мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарға байланысты реттеліп отыратынын айтты. Шекараны қорғау шаралары үнемі жетілдіріліп отырады.
«2023 жылдың І жартыжылдығында қабылданған шаралар мемлекеттік шекараны күзетудің тиімділігі мен оңтайлылығын арттыруға бағытталды. Қазақстан мен Қырғызстан шекара өкілдерінің қызмет учаскелері туралы хаттама, 2023 жылғы 27 ақпандағы Заң және Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан үкіметінің арасындағы Қазақстан-Түрікменстен мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім ратификацияланып, күшіне енді. Осы бағыттарда нақтылайтын және шекаралық мәселелерді реттеуге бағытталған норма шығармашылық жұмыстар жүргізілуде», – деді департамент бастығының орынбасары.
Есептік кезеңде шекарашылар мемлекеттік шекарада 1183 құқық бұзушылықты анықтап, жолын кескен. Атап айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабына сәйкес ҚР мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені үшін 68 адам, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 510-бабына сәйкес шекара аймағында шекара режимін және жекелеген жерлерде болу тәртібін бұзғаны үшін 703 адам, осы кодекстің 512-бабына сәйкес ҚР аумақтық суларының, теңіздің және ішкі суларының режимдерін бұзғаны үшін 68 адам, осы кодекстің 514-бабына сәйкес ҚР мемлекеттік шекара режимін бұзғаны үшін 344 адам жауапкершілікке тартылған.
«Каспий теңізінде балық ресурстарын заңсыз аулауға қарсы іс-қимыл нәтижесінде 240 шақырымнан астам браконьерлік балық аулау құралдары тәркіленді», – деді спикер.