Дарынды, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған болатын. Бұған дейін өткізілген екі іріктеу нәтижесінде резервке 350 адам алынған: 2019 жылы өткізілген іріктеу бойынша - 300, 2021 жылы - 50 адам қабылданды. Олардың 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни жалпы санының 75%-ы жұмысқа орналастырылған. Олардың ішінде 128 адам – орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам – жергілікті атқарушы органдарда, 41 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда.
«Олардың қатарында 31 резервші – саяси лауазымдарға, 6 резервші - А корпусының лауазымдарына тағайындалса, 1 резервші Парламент Мәжілісі және 2 резервші мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда», – деп нақтылады Д. Жазықбаев.
Сонымен қатар іріктелген резервшілер мемлекеттік органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен қоғамдық кеңестер жұмысына да белсенді атсалысып, өз үлестерін қосуда. Әр түрлі деңгейдегі лауазымдардың барлық резервшілерге ұсынылып отыратынын айтқан агенттік төрағасы олардың әлеуетін пайдалану өзектілігін жоғалтпайтынын, агенттік бұл бағыттағы тиісті шараларды іске асыра беретінін жеткізді.
«Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеуді өткізуді жоспарлап отырмыз. Үшінші іріктеудің ерекшелігі – мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескеріп, келесі бағыттар бойынша нақты мақсатты іріктеу өткізу: инфрақұрылымды өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; сыртқы саясат және инвестициялар; экономикалық және қаржылық саясат; цифрландыру; әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам», – деді Агенттік төрағасы.
Бұл ретте үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органдардың қатысуымен өтеді.
«Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптарға келер болсақ: ҚР азаматтығы бар, жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі және қазақ тілін В1 деңгейінен төмен емес меңгерген болуы қажет», – деді Д. Жазықбаев.
Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады және қыркүйек-желтоқсан айларының аралығында өткізіледі. Резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2023 жылғы 1-30 қыркүйек аралығында арнайы сайтта онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады, яғни, бағалаушылар үшін үміткердің кім екені беймәлім болады. Кандидат қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.