Қант қызылшасы негізінен еліміздің Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарында өсіріледі. Биыл Жамбыл облысында болған құрғақшылықтың қызылша алқаптарының өнімділігіне біршама ықпалы тиіп отыр. 2,5 мың гектарға жуық қант қызылшасы алқабы құрғақшылық салдарынан шықпай қалған. Бірақ жалпы қант қызылшасы биыл былтырғы жылғымен салыстырғанда 11 гектардан 14 гектарға дейін көп, яғни 3-4 мың гектарға артық егілген. 

Спикердің айтуынша, құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың мемлекеттен өз қолдау шараларын алады. 14 мың гектар қант қызылшасы біздің жалпы тұтынуымыздың 6-7%-ын ғана қамтиды. Қалған бөлігі, 48%-ға дейінгі көлемі шетелдік шикізаттан - қант құрағынан жасалады. Қызылша егілетін алқаптар көлемін бірден арттыру мүмкін емес  екенін атап өтті осы орайда департамент өкілі. 

«Ол үшін суармалы жер керек, техника керек, ауыспалы егісті де сәйкестендіру керек. Сондықтан қазірше, қызылша алқабы көбейгенге дейін біз шетелдің шикізатын, қант құрағын алып келіп, содан қант жасауға мәжбүрміз», – деді ол.

Ондай шикізатты алып келуге Қазақстан биыл 350 мың тоннаға бажсыз квота алған. Ол шикізатты сатып алу үшін қант зауыттарына Сауда министрлігінің көмегімен «айналым» схема бойынша 18 млрд теңгеге жуық арзан несие берілді. Одан бөлек, қант қызылшасын өсіретіндерге әрқайсысының тапсыратын тоннасы үшін берілетін субсидия бір тоннасы үшін 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін көтерілді. Сонымен қатар қант құрағынан жасалған қантқа да салықтық жеңілдіктер көзделген, әкелінетін қант құрағына салынатын ҚҚС нөлге түсірілген. 

«Қант саласын дамыту үшін осы сияқты көптеген шаралар жасалып жатыр. Былтырғы жағдайдан кейін кешенді шара әзірленіп, қазір қант саласын жақсарту үшін бәрі жасалуда», – деді спикер. 

Сонымен қатар журналистің отандық өндірушілерімізді қолдау үшін бюджеттен биыл қанша қаражат бөлінгені туралы сұрағына жауап бере отырып, Ш. Ахметов алдымен импорттық өнімді шектеу шараларының қабылданып жатқанын айтты. Олардың техникалық регламенттерге сәйкестігі, сапасын таңбалануы, фитосанитарлық, ветеринарлық, санитарлық талаптарға сәйкестігі тексеріліп, сәйкес келмейтін импорттық өнімдерді ысырып, оларға айыппұл салып, сол арқылы импортты шектеу жүргізілуде. 

«Отандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуы үшін барлық қолдау шаралары жасалып жатыр. Әр өнім, әр бағыт бойынша қолдау шараларының түрлері әр түрлі, сомалары әр түрлі, тетіктері әр түрлі. Жалпы, ауыл шаруашылығын қолдауға бізде жыл сайын 450 млрд теңге шамасында қаражат бөлінеді», – деп нақтылады Ш. Ахметов.