2005 жылдан бастап әлеуметтік тәуекел жағдайы туындап жатса, азаматтарды сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін азаматтарға әлеуметтік төлемдер төлеуді жүзеге асырады. Жаңа Әлеуметтік кодекс аясында бұрынғы бес төлем өзінің барлық параметрлік көрсеткіштерін сақтап қалған. Қазіргі таңда 6,8 млн жұмыс істейтін азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысады. Бұл қатысу арқылы, яғни, жұмыс берушілер қол астындағы қызметкерлері үшін немесе жеке кәсіпкерлер өз қызметінен ай сайын әлеуметтік аударымдар төлеу арқылы жүйеге қатыса алады. Қазіргі таңда 3,5% әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі Әлеуметтік кодекс аясында сақталып қалған. 

Сонымен қатар жеке кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалардың әртүрлі санаты бар. Соның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардан табыс алатын жеке тұлғалар санаты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы жүйемен қамтылады. Жүйемен қамтылу арқылы бұл азаматтар 5 түрлі әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда: еңбек ету қабілетінін айырылу; асыраушысынан айырылу; жұмысынан айырылу; жүктілік және босануға байланысты және 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерді алуға мүмкіндік алады. 

«Жалпы, әлеуметтік төлемдерге келсек, ондағы ең үлкен өзгеріс – 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ана мен баланы қолдау аясындағы өзгеріс болды. Бұл – бала күтіміне байланысты төлемдердің 1 жастан 1,5 жасқа дейін артуы. Жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдердің мөлшері 45 пайыздық табыс деңгейіне дейін жеткізілді», – деді спикер. 

Сонымен қатар цифрлық ортаны дамыту негізінде азаматтарға электрондық қызметтерді көрсету жылдан-жылға артып келеді. Қызметтерді электрондық түрде көрсету – үкіметтің электрондық порталы, электрондық еңбек биржасының порталы, Отбасының цифрлық картасы аясында проактивті және соңғы екі жылда дамып келе жатқан екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы әлеуметтік төлемдер бойынша қызметтерді көрсету. 

«Осы сақтандыру жүйесінде жылына 1,2 млн жуық азамат әлеуметтік төлемдер алады. Бұл төлемдердің 56% электрондық қызмет түрінде көрсетілді.  Осы электрондық қызметтер Әлеуметтік кодекс қабылданғанға дейін 8 жұмыс күні ішінде қарастырылып, тағайындалса, сол 8 күнді электрондық түрде өтініш берген азаматтар үшін 4 күнге қысқарттық», – деді  МӘСҚ директоры.