ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев атап өткендей, халал әлемдік азық-түлік нарығы бүгінде 2028 жылға қарай 4,1 млрд-қа дейін оптимистік өсу әлеуетімен 1,5-тен 2,2 млрд АҚШ долларына дейін бағаланады.

«Халал өнімдерінің жаһандық нарығының өсу драйвері мұсылман халқының, әлемдегі исламдық қаржыландырудың ұлғаюы ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың халал өнімдерді қосымша тексерілген, мұқият сертификаттаудан өткен, сенімді деп қабылдауы болып табылады. Жалпы әлемде тұтынушылардың халал азық-түлік өнімдеріне жұмсайтын шығындары барлық тұтыну шығындарының 17% құрайды», – деді спикер.

Оның пікірінше, бүгінде Қазақстанда халал белгісін ала алатын 4 мыңнан астам өндіруші бар. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бүгінде ет дайындау мен оны өңдеудің 70-75% және тауарлар мен қызметтердің негізгі нарығының 65% өздерін халал ретінде көрсетеді.

«Осы жылдың тек қаңтар-маусым айларында ғана Қазақстан ет және ет өнімдерін 83 млн АҚШ долларына, ал өсімдік және жануарлардан алынатын өнімдерді, жалпы 2,7 млрд долларға дайын азық-түлік тауарларын экспорттады. Тиісті кезеңде өсім 122 млн долларды құрады», – деді Комитет төрағасы.

Әлемде халал өнімдеріне деген сұраныстың артуын, Қазақстанның орасан зор экспорттық мүмкіндіктерін ескере отырып, Қ. Елікбаев еліміздегі халал саудасы мен инфрақұрылымы одан әрі кеңейе түсетінін айтты.

«Қазақстандық стандарттау және метрология институты» РМК бас директорының орынбасары Бауыржан Мұхамеджановтың айтуынша, Қазақстанда 2017 жылдан бастап Ұлттық аграрлық университет базасында халал стандарттау жөніндегі техникалық комитет жұмыс істейді. 2011 жылы халал өнімдері мен қызметтерін стандарттау жөніндегі мемлекетаралық техникалық комитет құрылды, оның хатшылығы Қазақстанда ашылды.

Парсы шығанағы елдерінің халықаралық ұйымдарымен ынтымақтастықта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан 2022 жылы БАӘ халықаралық аккредиттеу орталығынан халал тамақ өнімдеріне сертификаттауды жүргізу құқығына аккредиттеу аттестатын алды. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы алғашқы сертификат.

«Осы жылдың тамыз айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Сауд Арабиясының өкілдерімен өткен кездесуде біздің өнімдеріміздің СА-ға экспортын жеңілдету үшін Қазстандарт базасында халал-орталық ашу ұсынылды», – деп түйіндеді Б. Мұхамеджанов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі уақытта Сауд Арабиясындағы Халал сертификаттарын тану үшін Қазстандартты Gaudi Hall Centre тізіліміне енгізу мәселесі пысықталуда.