ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов атап өткендей, Мемлекет басшысы Түркістан қаласында өткен құрылтайда, сондай-ақ осы жылдың маусым айының соңында ІІМ кеңейтілген алқа отырысында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша нақты міндеттер қойды.

«Жоспардың әрбір тармағын іске асыру бойынша қадамдық іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Ішкі істер министрлігі үйлестіруші болып белгіленді, сондай-ақ 38 тармақ бойынша орындаушы, 15 тармақ бойынша қоса орындаушы болып табылады. Барлық мемлекеттік, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылады», – деді спикер.

ІІМ өкілі осы бағытта жүргізіліп жатқан ведомствоаралық профилактикалық жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мәселен, маусым айында бүкіл ел бойынша есірткіге қарсы айлық өткізілді. 1800-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп 700-ден астам, ҮЕҰ-мен бірлесіп 272 іс-шара ұйымдастырылды. Жасөспірімдер мен жастарды жалпы қамту 118 мыңнан астам адамды құрады.

Қалаларда есірткі қылмыстары жасалуы ықтимал қауіпті орындарды анықтау жөніндегі жұмысты аяқтау жоспарлануда, содан кейін әкімдіктермен бірлесіп ол жерлерде бейнебақылау камералары орнатылады.

ІІМ өкілі мемлекет бөлген бюджет қаражатын мақсатты пайдалануға ерекше назар аударды. Мысалы, ІІМ бойынша осы жылы Жоспардың 4 тармағы бойынша шығындар 4,2 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ, Б.Әмірханов есірткі қылмыстарына қарсы нақты жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша статистиканы келтірді. Жыл басынан бері ІІМ желісі бойынша 31 есірткі зертханасы жойылды. Бір ғана операцияның нәтижесінде Павлодар облысында 60 келі героин мен 10 келі гашиш тәркіленді. Есірткіні қарбыздың ішіне жасырып, Қырғызстаннан Ресейге апара жатқан.

Жалпы, спикер қатысушылардың назарын Кешенді жоспарды іске асыру және нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күш-жігерді шоғырландыруды талап ететініне назар аударды.