Осыған дейін қабылданған жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында осы жатақханамен қамтамасыз етуге қатысты 2023-2029 жылдар аралығында жыл сайын жатақханадан 10 мың орын беру нысаналы индикаторы қарастырылған.

«Бүгінгі таңда еліміздегі жатақханалар саны 380 бірлікті құрайды. Ондағы төсек-орын саны – 106 203 бірлік, оның ішінде 182 нысан бойынша 24 560 төсек-орын жалға алынған», – деді А. Абылайхан статистикалық мәліметтерді келтіре отырып.

Өңірлер бойынша Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында жатақханаға деген қажеттілік жатақхана мен хостелдерді жалға алу арқылы толық көлемде өз шешімін тауып отыр. Ақмола, Түркістан, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында жатақханаға деген қажеттілік – 695-тен 60 орынға дейін.

«Бүгінгі таңда ең үлкен қажеттілік Алматы қаласында - 14 мың және Астана қаласында - 5300 орын, Солтүстік Қазақстан облысында – 2300 орын. Осы үш аймақта жатақханадағы орын тапшылығы ең көп байқалады», – деп нақтылады жоғары білім саласының өкілі.

Жалпы, республика бойынша жатақхана орындарына қазіргі қажеттілік 23 686 орынды құрайды. Былтырғы жылғы 69 мың орын тапшылығымен салыстырғанда бұл төмен екенін айтты спикер.

«Бірақ, біз орын тапшылығы азайды деп отырмаймыз, себебі әр санның артында әр жастың тағдыры тұрғандықтан, бұл мәселеге бірде бір университеттің басшылығы бейжай қарай алмайды. Сондықтан министрлік тарапынан бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде», – деп нақтылады А. Абылайхан.

Бұл мәселені шешу үшін бүгінгі күні еліміздегі 58 ЖОО 182 объекті немесе 24 560 төсек-орындық жатақхана, жекеменшік хостелдермен келісімшартқа отырды. Бұл жерде қойылатын ең басты талап – хостелдерде студент жастар тұруы керек, сонымен қатар жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Көп ата-аналардың хостел деген сөзді естігенде қорқып жататынын, алайда оларды жекеменшік жатақханалар деп айтуға да болатынын айтты спикер. Мұндай хостелдерде бірнеше университеттің студенттерді бірігіп тұрады, оған басқа жолаушылар тоқтамауы тиіс. Санитарлық нормалардың, өрт қауіпсіздігінің сақталуы – осының барлығы университеттердің жекеменшік бизнес өкілдерімен келісімшарт жасағанда қоятын ең басты талаптары, деп нақтылады Комитет төрағасының орынбасары.