Балаларды қорғау, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау - мемлекет пен қоғамның басты міндеті. Елімізде 6,7 млн астам бала бар, олар халықтың үштен бірден астам бөлігін құрайды. Сондықтан балаларға қамқорлық жасаудың маңызы зор.

Осы бағытта ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды қабылдады.

«Біз стастикалық деректерді зерттедік, балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы мәліметтерді жинақтап, талдау жүргіздік. Қауіп факторларын анықтап, зорлық-зомбылық жағдайларында балаларға көмектесетін қандай ресурстар бар деген сұраққа қатысты үлкен зерттеулер жүргіздік», – деді Еділ Оспан.

Мұндай талдау басым бағыттарды және нақты қандай салаға басымдық беруді анықтауға мүмкіндік берді. Құжатта балалар арасында туындайтын мәселелерді жүйелі шешу мақсатында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және балалардың лайықты әлеуметтік ортада өмір сүруін қамтамасыз ету сияқты негізгі үш міндетті орындауға қатысты жаңа тәсілдер қолданылды.

Алдымен өңірлердегі жағдайды зерделеу мақсатында, ұлттық білім беру дерекқоры шеңберінде балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы әзірленеді.

«Интерактивті карта балалардың ортасындағы жағымсыз құбылыстардың барлық түрлері бойынша облыстар, қалалар, аудандар білім беру ұйымдары бөлінісінде статистикалық деректерді қамтиды», – деді Е. Оспан.

Интерактивті картаның негізгі дереккөздері ретінде құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау, ақпарат, оқу-ағарту министрліктері мен жергілікті әкімдіктердің ақпараттық ресурстарынан деректері алынып, жинақталады. Бұл деректерді жинақтау мемлекеттік органдарға неғұрлым дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді, балалардың арасында туындайтын мәселелердің алдын алу және шешу бойынша жедел және жүйелі шешімдерді қалыптастыруға жол ашады.

«Интерактивті картаның негізінде жергілікті әкімдіктердің осы мәселелерді шешу бойынша нақты бағдарламаларды әзірлеп, оларды іске асыру көзделген», – деді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі.

Сонымен қатар ол кешенді жоспардың балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесін шешуге бағытталған басқа да пәрменді және жекелеген іс-шараларды қамтитынын жеткізді. Мысалы, биылдан бастап мектеп мұғалімдері мен ІІМ қызметкерлерін балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және оның алдын алу тәсілдеріне оқыту басталады.