Астана қаласында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1290 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 778 нысанның 574-інде жергілікті атқарушы органдар бейімдеу шараларын жүргізді.

Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық департаменті жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында жоғарыда аталған нысандардың 452-сінің толық бейімделгені расталды, 122 нысан ішінара бейімделген деп танылды. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін тағы 204 нысанды бейімдеу жоспарлануда.

Мемлекеттік бақылау шеңберінде Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 27 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беріліп, 2,8 млн теңгеге 15 әкімшілік айыппұл салынды.

Нысандардың меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана беріледі. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 нысан сай келуі қажет. Ал биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 10 444 нысан бейімделді.