Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егістігі қолайсыз ауа райынан зардап шеккен Қостанай облысындағы агроқұрылым басшыларымен кездесті. Толассыз жауған жаңбыр салдарынан астық сапасы нашарлап, дән сұрыпының сапасы төмендеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы ешкім қолдаусыз қалмайтынын айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Үкімет жауын салдарын азайтуға бағытталған шараларды ұсынады. «Бәйтерек» ҰБХ айыппұл санкцияларын қолданбай қарыз қайтарым мерзімін ұзарту мәселесін шешті. Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға қосымша қаражат бөлу жағы да қарастырылуда. Бұл бағытта Қостанай облысына 16,9 млрд теңге қажет», – деді Айдарбек Сапаров.
Министр астықты кептіру үшін облысқа қосымша 11 мың тонна арзандатылған жанармай берілетінін айтты. Оның құны литріне 250 теңгеден аспайды. Облыс бойынша элеваторлар, 318 астық кептіргіш тәулік бойы жұмыс істейді.
Азық-түлік корпорациясының келісімшарт негізіндегі астығын қайтару мәселесі де шешімін табады.
«Қазір астық нарығының жай-күйіне талдау жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алудың әділ бағасын жариялайды. Компания тұқым қорын қалыптастыруды қамтамасыз етеді және нан өндіру үшін арзандатылған астықты жеткізу кестесін қайта қарайды», – деп толықтырды ауыл шаруашылығы министрі.
Айдарбек Сапаров облыстың әртүрлі аудандарындағы бірнеше агроқұрылымдардың алқаптарын аралап, астық қабылдау кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Қостанай облысының әкімі Қ. Ақсақалов 4,3 млн га астық егілгенін, жалпы егіс алқабының 32% орылғанын, 1,3 млн тонна астық бастырылғанын, орташа өнімділігі әзірге 9,2 ц/га құрайтынын хабарлады.
Облыста жем-шөп жинау жоспарының асыра орындалды. Фермерлер 1,1 млн тонна шөп, 151,6 мың тонна пішен, 11,7 мың тонна сүрлем жинады.
Биыл алғаш рет мал азығына ауыл шаруашылығы құрылымдарына 58 мың тонна жеңілдетілген бағамен дизель отыны берілді. Оның 6,3 мың тоннасы Қостанай облысына жеткізілді.