Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз баяндамасында республика бойынша МСАК аясында 5 617 нысан медициналық көмек көрсететінін атап өтті. Оларға медициналық пунктілер, дәрігерлік амбулаториялар, емханалар, фельдшерлік-акушерлік пунктілер және т. б. жатады.
Денсаулық сақтау саласындағы осы буынның жұмысы аумақ бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, отбасылық қызмет көрсету қағидаты бойынша құрылған. Ол үшін учаскелік мультидисциплинарлық командалар құрылып, оған учаскелік дәрігер, үш орта медицина қызметкері, әлеуметтік қызметкер және психолог кіреді.
Соңғы үш жылда мемлекет МСАК-ты нығайту бойынша бірқатар шараны іске асырды. Мәселен, амбулаториялық деңгейде қаржыландыру өсті, консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту 7 есеге, қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі 9 есеге, МРТ қолжетімділігі 6 есеге ұлғайды.
Сонымен қатар денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Атап айтқанда, кемінде 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайтылды. Медбикелердің қабылдау функциялары кеңейтілді. Онкологиялық ауруға күдігі бар пациенттер үшін «жасыл дәліз» аясында МСАК ұйымдарында тексеруден өту жеделдетілді.
Сонымен қатар МСАК-ты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлғайды. Егер 2019 жылы препараттар 48 ауру бойынша сатып алынған болса, 2023 жылы тізбе 4 млн адамды қамти отырып, 126-ға дейін кеңейтілді. Балалар мен ауыл тұрғындары арасында ауруларды ерте анықтау күшейтілді.
Оған қоса денсаулық сақтауды цифрландыру, көлік медицинасын дамыту, білікті мамандарды даярлау және т. б. бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Министр биылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы іске асырылып жатқанын, оның аясында 2025 жылдың соңына дейін 655 МСАК нысанын салу, 32 көп бейінді орталық аудандық аурухананы жаңғырту және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласы үшін кемінде 1 100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланып отырғанын айтты.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту шаралары туралы айтты. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов алғашқы медициналық көмек нысандарын жаңғырту жұмыстары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова баяндама жасады.
Премьер-Министр кейінгі жылдары медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарып келе жатқанын айтып өтті. Мәселен, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін аурулардың тізбесі едәуір кеңейді. Оңалту қызметтері де қолжетімді бола түсті. Амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі өсуде. Сонымен қатар жаңадан денсаулық сақтау объектілері іске қосылып жатыр, бұл, әсіресе, білікті медициналық көмекке мұқтаж ауыл тұрғындары үшін аса өзекті.
«Бірақ проблемалар әлі де бар. Мысалы, халық кейбір мамандарға қаралу үшін ұзын-сонар кезекке тұру керектігіне, сондай-ақ медициналық жабдықтардың жеткіліксіз екеніне шағымданады. Түрлі аурулар бойынша есепте тұрғандарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде да мәселелер бар. Өңірлердің әкімдіктері алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге барынша жауапкершілікпен қарауға тиіс. Оның ішінде “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасын жауапкершілікпен іске асыру керек», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, медициналық көмек адамдардың мекен-жайына қарай жақын жерде көрсетілуі тиіс. Оған қоса медициналық ұйымдардың бірінші басшылары менеджмент сапасын арттыруға баса көңіл бөлуі тиіс.
«Кейде басқару мен үйлестіру жұмыстарының кемшілігіне байланысты адамдар қажетті емді немесе дәрі-дәрмекті уақытында ала алмай қалады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы мәселелер бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруы қажет», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, тиісті кадрлармен, бірінші кезекте аса қажет мамандармен қамтамасыз ету үшін медициналық университеттер және колледж түлектерімен бірге тәжірибелі мамандарды да өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ынталандырудың жаңа әдістерін енгізу керек.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов денсаулық сақтау объектілерін медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 84%-ды құрайтынын айтты, олардың жартысынан көбі тозған. Осыған орай алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерін қолданыстағы нормативтерге сәйкес жабдықтау қажет.
Оған қоса Премьер-Министр денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстарын күшейтудің маңызын атап өтті. Бұл ретте алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілеріне ерекше көңіл бөлу қажет. Атап айтқанда, аудандық деңгейден төмен денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары жылдамдықты Интернетке қосу процесін тездету керек.
«Қажетті консультацияны жедел алу үшін телемедицина мен қашықтан қызмет көрсетуді ауылдарға дейін жеткізу қажет. Аталған шаралар тұрғылықты жері бойынша медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Үкімет басшысы.