Оның айтуынша, ұжым үшін ұдайы шығармашылық ізденісте болу, эксперименттерге ашық болу өте маңызды. Бұл труппа мен театрдың дамуына серпін береді. 

«Театрдың негізгі бағыттарының бірі - ұлттық спектакльдер жасау. Қазір «От қыз» ұлттық балет ертегісінің премьерасына соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – деп атап өтті спикер. 

«От қыз» ұлттық ертегісі театрдың бас балетмейстері, «От қыз» спектаклінің хореографы Мукарам Авахридің хореографиясымен қойылды. Либретто авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, композитор – музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина. Премьералық көрсетілімдер театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.

«От қыз» спектаклі мифологиялық сюжетке құрылған. Оқиға желісі бойынша Мерген есімді аңшы өзінің дүлей күшін таныту үшін Күнді атып түсіріп, салдарынан күллі әлем қараңғы түнекке оранып, қақаған аяз басталады. Мергеннің алаңғасарлығынан Биік Шөп елі зардап шегіп, бойжеткен ханшайым От қыз жоғалып кетіп, қыс түседі. Ағат кеткенін түсінген Мерген қателігін түзеп, әлемге жарық пен жылуды қайтаруға тырысады.

«6-7 қазанда ересектер мен балаларды «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен қойылатын «От қыз» сиқырлы балетін тамашалауға шақырамыз. Әрине, классика да қажет: 30 қараша мен 1 желтоқсанда Владимир Яковлевтің хореографиясында Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінің премьерасы өтеді. Меніңше, бұл жарқын спектакль, бүкіл атмосфераны, сол кездегі эстетиканы сол күйде жеткізеді.  Қазан айының ортасында біздің артистер Ballet Globe халықаралық фестивалі аясында Женеваға барып, әлемдік балет жұлдыздарының қатысуымен Альберт Алонсоның «Кармен сюита» атты аңызға айналған қойылымын қояды. 28 қазанда Республика күніне арналған концерт өтеді», - деді спикер маусымның басталуы жайлы айта отырып.