Ол қоғам үшін онкологиялық аурулардың жоғары ауыртпалығын ескере отырып, Президент Қ.Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту қажеттігін атап өткенін еске салды. Осыған байланысты, ел Үкіметі жалпы қаржыландыру көлемі 460 млрд теңгені құрайтын 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірлеп, бекітті.
Кешенді жоспардың 5 негізгі бағыты бар. «Қауіп факторларының алдын алу және басқару» бірінші бағыты бойынша онкологиялық сақтық және қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау және емдеуді уақтылы бастау үшін скринингтен өту қажеттілігі бойынша халық арасында ақпараттық - түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілетін болады.
Жасөспірім қыздар арасында 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен адам папилломавирусына қарсы вакцинация басталады.
«Жоғары тиімді ерте диагностика» бағыты бойынша скрининг және уақтылы тексеру жүргізу үшін емханалар мен онкологиялық орталықтарда диагностикалық және зертханалық жабдықтарды жаңарту көзделген. Балалар стационарларын МРТ және КТ аппараттарымен, цифрлық рентген-аппараттармен, сараптамалық сыныптағы УДЗ жабдықтауды жақсарту жоспарланған. Бүгінгі таңда онкологиялық науқастардың 90% тұрғылықты жері бойынша емделуі керек. Көмектің хирургия, сәулелік емдеу және химиотерапия сынды барлық түрлеріне толық қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Онкологиялық қызметті өңірлік деңгейде жаңғырту қажет», - деді спикер.
Онкологиялық орталықтардың барлық операциялық және реанимациялық бөлімшелерін заманауи жабдықтармен толық жарақтандыру жоспарлануда. Химия-және иммуно-онкологиялық препараттардың желісі кеңейтіледі, гендік инженерияны, радиофармацевтикалық дәрілік заттарды пайдалана отырып терапия енгізіледі.
Кешенді жоспарда Алматы, Атырау, Жетісу, Ұлытау облыстарында және Алматы қаласында ЖАО есебінен жаңа 5 онкологиялық орталықты құру есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу бойынша іс-шара енгізілді. Республикалық бюджет есебінен Қостанай, Ақтөбе қалаларында радиологиялық және реанимациялық-операциялық блокты реконструкциялау көзделген.
Құжатта «Паллиативтік көмек және оңалту» және «Ғылым мен кадрлық әлеуетті дамыту» бағыттары бойынша шаралар көрініс тапқан.