«Бірінші – инфрақұрылым. Туристік орындарда инфрақұрылым мәселесі қиын. Сонымен қатар, логистика толықтай шешілмеген. Екінші – сапалы туристік өнімдердің аздығы. Цифрландыру мәселесі де бар. Үшінші – сапалы мамандарды оқыту. Төртіншісі – маркетинг пен жарнама мүкіндіктерінің аздығы», - деп тізіп шықты вице-министр.

Оның айтуынша, аталған мәселелерді жүйелі шешу үшін биыл туризмді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы қабылданып, мақсатты көрсеткіштер бекітілді. Оның ішінде, 2029 жылға дейін ішкі туристер санын 9 млн-ға, шетелдік туристерді 4 млн-ға жеткізу көзделген. Туризм саласындағы мамандарды 1,6 есеге, ал инвестиция көлемін 2 есеге өсіруді қамтамасыз ету керек.

Спикер туризм саласын күшейту туралы мемлекет басшысының тапсырма бергеніне тоқтала отырып, туризм жəне спорт министрлігі саланы дамытуға бағытталған бірқатар шаралар ұсынып отырғанын жеткізді. 

«Атап айтсақ, инженерлік инфрақұрылымға қажеттілікті қысқарту үшін əкімдіктерге елді мекендерден тыс жерлерде жəне ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу бойынша заңнамалық құзыреттер беру, сондай-ақ өз есебінен автожолдар, электр беру желілері жəне басқа да объектілер салатын инвесторлардың шығындарын өтеу үшін мемлекеттік шаралар қолдау тапты», - деп мәлім етті Е.Еркінбаев.

Бұған қоса, Қазақстанның туризм саласындағы инвестиция тарту бойынша жеңілдетілген қаржыландыру мерзімін ұлғайту арқылы кəсіпкерлер мен инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларына қатысты оң шешім қабылданды. Қаржыландыру мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды.