Мемлекет басшысы биыл Қазақстанда экономикалық өсім көрсеткіші 4,7 пайыз деңгейіне жеткенін, әсіресе, мұнайдан тыс салаларда елеулі прогресс бар екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттыруды стратегиялық мақсат етіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасына шетелден инвестиция тарту ісіне айрықша мән берілетінін мәлімдеді. Қазақстанға шетелден келген тікелей инвестиция көлемі Орталық Азиядағы басқа елдерге салынған инвестициялардың жалпы көлемінен асып түседі.

Президент Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастық нәтижелі дамып келе жатқанына назар аударды.

– Қазіргі күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 30 пайызға артып, 4 миллиард долларға жетті. Осы оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Франция – біздің экономикамызға 19 миллиард долларға жуық қаржы құйған ең ірі халықаралық инвесторлардың бірі. Биыл алғашқы алты айда француз серіктестеріміздің Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 50 пайызға артты. Бұл – таңғаларлық өсім әрі елімізге деген жоғары сенімнің белгісі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінде елімізде екі жүзге жуық француз компаниясы жұмыс істейтінін айтты. Олардың ішінде энергетика секторында – Total Energies, Orano, Air Liquide, өнеркәсіп саласында – Airbus, Saint-Gobain, теміржол саласында – Alstom, аграрлық азық-түлік өндірісі секторында – Lactalis және Danone компаниялары бар.

Сонымен қатар Президент өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарына тоқталды. Ықпалдастықты дамытуда энергетика секторының әлеуеті зор. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – Франция нарығына шикі мұнай жеткізетін негізгі мемлекеттің бірі. Еліміз экспорт көлемін арттыруға дайын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұнай және газ қорын геологиялық барлау, уран экспорты, жел, күн және гидроэнергетика салаларында ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.

– Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында және Еуропа тұтынатын ядролық отынның төрттен бір бөлігінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Атом энергетикасы Францияның энергетика секторында 63 пайызды құрайды. Осыған орай ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге орасан зор әлеуетіміз бар. Ауаға таралатын көміртегі шығарындыларын келешекте нөл деңгейіне жеткізу мақсатындағы мүддеміз сәйкес келеді. Франция сияқты, Қазақстан да өз аймағында бұл сала бойынша көшбасшы саналады. Жаңартылатын энергия көздеріне келер болсақ, жел, күн және гидроэнергетика бағыттарындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық көптеген ірі компания Қазақстанға келіп жатыр. Жалпы қуаты 1ГВт болатын жел станциясы паркін салу мақсатында француздық Total Energies компаниясының 1,3 миллиард доллар көлемінде инвестиция құюға ниет білдіруі – соның айқын дәлелі. «Жасыл» сутегі саласы да зор әлеуетке ие. Жоба табысты жүзеге асырылса, Қазақстан экспорттаушылардың ондығына кіре алады. Біз өмірлік маңызы бар өндіріс, технология және сараптамалық білім алмасу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз, – деді Қазақстан Президенті.

Кооперацияның тағы бір бағыты – аса маңызды шикізат материалдарын өндіру және өңдеу.

– Жаһандық технологиялық революция дамыған сайын, сирек кездесетін металдарға сұраныс геометриялық прогрессиямен өседі. Жалпы, 2040 жылға қарай ондай металдарға сұраныс төрт есе, соның ішінде литий элементіне қажеттілік 10 есе артады деген болжам жасалып отыр. Қазақстанда жалпы құны 46 триллион долларға бағаланатын 5 мыңдай барланбаған кен орны бар. Осы ретте аталған саланы бірлесе игеру ісінде еліміз сенімді серіктес бола алады. Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасына қажетті 30 сирек кездесетін металдың 16-сын өндіреміз және Еуропа нарығының фосфорға деген қажеттілігінің 70 пайызын қамтамасыз етеміз. Еліміздің аумағында кен орындарының 9 түрі бар. Тиісті инвестиция табылса, оларды игеруге болады. Осыған орай француз компанияларын өзара тиімді серіктестік орнатуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық азық-түлік секторын ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты деп санайды.

Президент жаһандық азық-түлік тапшылығы жағдайында еліміз ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2 есе арттыруды көздеп отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы мал шаруашылығы және егін шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Көлік-логистика саласы ықпалдастықтың тағы бір өзекті бағыты ретінде аталды.

Президент еліміздің Транскаспий халықаралық көлік бағытын немесе «Орта дәлізді» дамытуға барынша күш салып отырғанына назар аударды.

– Бұл – Еуропа мен Азия арасындағы сенімді жеткізу тізбегін қамтамасыз ететін ең қысқа әрі анағұрлым өміршең бағдар. Тасымал көлемі өсіп келеді. Сондықтан біз жыл сайынғы жүк тасымалын 10 миллион тоннаға дейін жеткізу үшін серіктестерімізбен бірге инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына белсенді кірістік. Енді бұл бағыттағы іс-әрекетімізді Трансеуропалық көлік желісімен және Еуропа Одағының «Жаһандық қақпа» бастамасымен ұштастыру маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, биотехнология және медицина салаларындағы ынтымақтастықты жолға қою үшін мүмкіндік мол. Биотехнология кластерін дамыту мақсатында Ұлттық «QazBioPharm» биофармацевтикалық холдингі құрылды. Президент көптеген жетекші компаниялар Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғы өндірісін дамытуды жоспарлап отырғанын атап өтіп, француз компанияларын да осы бағыттағы ықпалдастыққа шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестиция тарту ісіндегі артықшылықтарына тоқталды.

– Бүгінде әлемнің 78 елінде базасы бар 2100-ден астам компания АХҚО-да жұмыс істейді. Олар тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл өңірге инвестициялық капитал тартуға ықпал етіп отыр. Біз АХҚО-дағы француз компанияларының саны артуын және Қазақстанда алғашқы француз банкінің ашылуын қуана құптар едік. Бұл қадам біздің инвестиция және қаржы салаларындағы ынтымақтастығымызға тың серпін береді, – деді Президент.

Сонымен қатар жиында Франция Президенті Эмманюэль Макрон сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсатын жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстанның бұл бағыттағы бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Эмманюэль Макронның айтуынша, Қазақстан – Еуропа мен Азия арасын байланыстыратын алтын көпір. Франция Президенті серіктестікті көлік бағыттары, ең алдымен «Орта дәліз» арқылы дамыту маңызды деп санайды. Эмманюэль Макрон Францияның аталған көлік магистралін өркендетуге өз үлесін қосуға дайын екенін айтты. Франция басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың перспективасы зор екенін атап өтті. Эмманюэль Макрон сөзін қорытындылай келе, өзара мүддені көздейтін көптеген саладағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.