Оның айтуынша, заңда қазақстандықтарға электронды форматта және жазбаша түрде де петиция беру мүмкіндіктері қарастырылған.
«Әкімшілік-рәсімдік кодексте петиция беру және қараудың рәсімдері жеке қосымшамен реттелетін болады. Республикалық басқару нысанын, әкімшілік-аумақтық құрылымы және шекараларды өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, Ұлттық қауіпсіздік және басқа мәселелер бойынша петициялар беруге мүмкіндік болмайды», - деп нақтылады спикер.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі петицияларды қарау тәртібіне де тоқталып өтті.
«Петицияны аудандық жерде қарастыру үшін 2,5 мың адамның қолдауы керек болады, ал Үкімет қарайтын болса, ол жерде 50 мыңнан аса қолдаушылары болуы керек. Және де петицияны қарау барысында мемлекеттік орган бірқатар іс-шаралар жүргізеді, жұмыс топтарын құрады. Қоғамдық талқылау жасайды. Халықаралық тәжірибені зерделейді. Содан кейін шешім шығарады», - деді Данияр Қадыров.
Осы ретте ол петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана бере алатынын жеткізді. Ал қажет қолдау көлемін жинай алмаған петициялар назарсыз қалмайтынын хабарлады.
«Шекті мәнге жетпеген петициялар үндеу ретінде қарастырылып, әкімшілік-рәсімдік кодекс бойынша олар да қаралатын болады», - деп қорытындылады өз сөзін Мәдениет және ақпарат вице-министрі.