Ана мен бала денсаулығын қорғау – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды және басымдықты бағыттарының бірі. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев баяндады.

Оның мәліметіне сәйкес, соңғы 5 жылда Қазақстан халқының саны 8,8%-ға артқан, балалар саны – 6,6 млн. Атап айтқанда, 2022 жылы 400 мыңнан астам бала, 2023 жылдың 10 айында 339 мыңнан аса бала дүниеге келді.

Спикер балаларға медициналық көмек кепілдендірілген көлем мен МӘМС аясында тегін көрсетілетінін еске салды. Ел аумағында 250 босандыру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 39 перинаталдық орталықта салмағы 500 грамнан және одан жоғары жаңа туған нәрестелерге көмек көрсетіледі. 55 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді, оның үшеуі – республикалық деңгейдегі мекемелер.

Жыл сайын балаларға амбулаториялық жағдайда 100 млн-нан астам консультациялық-диагностикалық қабылдау жүргізіледі, 500 мыңнан астам балаға тәулік бойғы стационарларда көмек көрсетіліп, 100 мыңнан астам операция жасалады. Осы жұмысты 2640 педиатр, 773 неонатолог атқарып отыр. 

Пренатальды скринингтің сапасын жақсарту мақсатында 20 ұрықты қорғау орталығы құрылды. 400 мың жүкті әйел босануға дейінгі бақылаумен қамтылды, 1,2 млн ұрық скринингі жүргізілді. Неонаталдық скринингпен 400 мыңнан астам жаңа туған нәресте қамтылса, 1,5 млн бала – психофизикалық, 6 жасқа дейінгі 2 млн бала – аудиологиялық скринингтен өтті. 

«Елімізде шала туылған нәрестелердің ретинопатиясына скрининг перзентхана деңгейінде жүргізіледі. Аталған скрининг түрінен жыл сайын 7,5 мыңнан астам шала туылған нәресте өтеді. Балалардың денсаулығын нығайту мақсатында туғаннан 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексерулер жыл сайын жүргізіледі. 9 ай ішінде 4 миллионнан астам бала профилактикалық тексерумен қамтылды. Балалар денсаулығын қорғаудағы басты жетістіктердің бірі – неонатологиядағы жоғары мамандандырылған көмекті дамыту», – деп атап өтті ведомство өкілі.

2008 жылдан бері елімізде дене салмағы 500 грамман басталатын нәрестелер күтімі жүзеге асырыла бастады. Тиімді перинатальдық технологиялардың, ДДСҰ ұсынған қауіпсіз ана болудың қағидаттары мен жаңа туған нәрестелер реанимациясын дамытудың арқасында 10 жыл ішінде оң жетістіктерге қол жеткізілді. Дене салмағы аса төмен балалардың өмірін сақтап қалу көрсеткіші 4 есеге артты, нәрестелердің шетінеп кету көрсеткіші 1,5 есеге төмендеп, балалар арасындағы өлім-жітім 1,6 есеге азайтылды.