Бүгінгі таңда өңірде жоспарланған 24 объектінің 12-сінің құрылысы басталды, 4 МСАК объектісі пайдалануға берілді.
Өлеңді, Қайнар кентінде, Барбастау ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, жабдықталды.
Стандартқа сәйкес ФАП бір қабатты жеке ғимаратқа орналастырылған және ауыл тұрғындарына амбулаториялық қызмет көрсетуге арналған.
Пациенттерді қабылдау үшін фельдшер кабинеті, акушер кабинеті, қарау кабинеті, емшаралық, зарарсыздандыру кабинеті, егу кабинеті, изолятор, сүзгі-бокс, шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар, тіркеу орны, қақырық алу кабинеті, химизатор кабинеті көзделген.
ФАП-тар гинекологиялық орындық, тоңазытқыш, кварц шамдары, өлшеу құралдары, аквадистилятор, кептіру шкафы, дивандар, манипуляциялық үстел, медициналық шкаф, жиһаз және кеңсе жабдықтары сияқты қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталған.
Асан кентінің тұрғындары енді жаңа дәрігерлік амбулаторияда емделуге мүмкіндік алды.
Дәрігерлік амбулатория сондай-ақ қажетті заманауи жабдықтармен жабдықталған, бұл халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді (бейнебақылау камералары, ұйымдастыру техникасы, жиһаз және медициналық аппараттар орнатылған). Ғимарат орталықтандырылған суға, автономды жылытуға және газдандыруға қосылған.
Пилоттық ұлттық жобаның шеңберінде ашылатын жаңа медициналық объектілер ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға арналған, бұл ауыл халқының денсаулығын нығайтуды, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауды, скринингтік тексерулерді уақтылы жүргізуді, өмір сүру ұзақтығын арттыруды білдіреді.
Жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысында тағы сегіз МСАК объектісін аяқтау жоспарлануда.