Ол еңбек заңнамасын сақтау және Қазақстан кәсіпорындарында өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі шаралар туралы баяндады.

«2023 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 мыңнан астам тексеру жүргізіп, 8936 бұзушылық анықталды, оның ішінде еңбек саласында – 6600; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2094; халықты жұмыспен қамту бойынша – 242. Жұмыс берушілерге 3741 ұйғарым беріліп, шамамен 400 млн теңге сомаға 2 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды», – деп атап өтті спикер.

Ол қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен Еңбек миистрлігінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,5%-ға, қаза тапқандар саны 8,4%-ға азайды. Үстіміздегі жылдың 1 қарашасында еліміздің кәсіпорындарында 1119 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейінде, ал өндірісте қаза тапқандар саны 12%-ға артып, 175 адамды құрады», – деді спикер.

Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында, Абай облысында және Алматы қаласында сақталып отыр. Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында және құрылыс саласында байқалады.