«Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты, егін жинау жұмыстарына көп кедергі келтірді. Жауын-шашынның орташа жылдық нормасы 2 еседен асып, 180 мм көлемінде жауын жауды. Осыған қарамастан, мемлекеттік қолдау шаралары арқасында, келесі жылғы егіс жұмыстарына қажетті қор жиналды», –  деп мәлім етті Құмар Ақсақалов.

Оның мәліметінше, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өнімі 611 млрд теңгені құрады. 2024 жылғы өнімге қажетті тұқым 100% толтырылды. Мал азығы да толық дайындалды.  

«Осылайша, қазіргі таңда халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар, өйткені барлық өнімді өзіміз өндіреміз. Әрине, біздің басты мақсатымыз – жыл сайын өндіріс көлемін арттыру. Бұл жұмыс жалғасатын болады», – деді ол.

Мал шаруашылығын дамыту бағытында облыста сүт және сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті төмендету, жергілікті өндірісті ұлғайту мақсатында жыл сайын кемінде 10 жаңа ірі өнеркәсіптік тауарлы сүт фермалары салынатын болады. Оның алғашқы жетеуінің жобасын іске асыру басталды. Өнеркәсіптік сүт фермаларын іске қосу өнім өндірісін 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Құмар Ақсақаловтың мәліметіне сәйкес, биыл өңірде 351 млрд теңгеге жуық азық-түлік өнімдері өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға артық. 

Ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың ішінен облыс басшысы бұршақ дақылдарын қайта өңдеуге бағытталған толық циклді зауыты пайдалануға беру сатысында екенін жеткізді. Оның өндіріс қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін жетіп, жаңа 70 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, ірі түрік холдингін тарта отырып, бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауытын салу жобасы тағы бар. Оның қайта өңдеу қуаты жылына шамамен 140 мың тоннаны құрап, 100 адамды жұмыспен қамтиды. Кәсіпорындар облыста шығатын бұршақ дақылдарының барлық көлемін өңдейтін болады, сондай-ақ басқа өңірлерден сатып алу да жоспарланып отыр.