Оның айтуынша, облыстық бюджеттен фермерлердің жем-шөп дайындауға жұмсаған шығындарының құнын арзандату үшін 3 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік көмекті 1,5 мыңнан астам фермер алды. Шөп шабу үшін арзандатылған дизель отынының көлемі 4-тен 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Жеңілдікті баға - 232 теңге, бұл дизель отынының нарықтық құнынан 21%-ға төмен.
«Үшінші, шөп дайындау үшін мемлекеттік орман қоры жерлерінен ауданы 25 мың гектардан асатын қосымша шабындық алқаптар бөлінді, бұл шамамен 20 мың тонна шөп дайындауға мүмкіндік берді. Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен инвестициялық шығындарды, тұқымдарды, пестицидтерді, тыңайтқыштарды, мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарды субсидиялауға 6,8 млрд.теңге бөлінді», – деді спикер.
Сондай-ақ, «Павлодар» ӘКК жанынан малды қолда ұстайтын кезеңде халыққа сату үшін 5 мың тонна көлемінде жемдік астықты тұрақтандыру қоры құрылды. Құрғақшылыққа байланысты облыстың 38 шаруашылығына 1,3 млрд теңге сомаға сақтандыру төлемдері берілді. Ал қаржы институттарымен 95 қарызды қайта құрылымдау және ұзарту мәселелері пысықталды. Алдағы қысқы кезеңге облыс аудандарында 1,2 млн тонна шөп дайындалды.
«Құрғақ ауа райы жағдайлары бізге суармалы егіншілікті дамытуға ықпал етеді. Суармалы жерлердің көлемі 15,8 мың га ұлғайып, 166 мың гектарды құрады», – деп түйіндеді облыс әкімі.