Сала басшысы қызылша ауруы барлық өңірлерде тіркелгенін жеткізді. Атап айтқанда, Шымкент, Алматы қалаларында, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстарында өршіп тұрғанын айтты. 

«Сырқаттанушылықтың күрт өсуі ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап ұйымдасқан ұжымдарда, яғни оқу жылында балалардың жиналуына байланысты байқалады, нәтижесінде сырқаттанушылық деңгейі екі есе өсті», – деп түсіндірді министр.

Оның дерегіне сәйкес, бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан аста төсек-орын ашылды. Стационарлық емделуде 2 мыңнан астам бала жатыр, сонымен бірге жүкті әйелдер госпитализациясы өткізілуде. Төсек-орынмен қамту 60%-ды құраса,  резервте 1 мыңнан астам төсек-орын бар. 

Жалпы, Ажар Ғиният әлемнің 167 мемлекетінде қызылшамен ауыру көрсеткішінің өсуі тіркелгенін атап көрсетті. Министр оның бірнеше себебін атады: КВИ пандемиясы кезінде жоспарлы вакцинациялауды өткізіп алған балалардың есебінен сырқаттанушылықтың өсуі, вакцинациядан бас тартудың өсуі.

«Халық арасында иммундық емес топтың жиналуына байланысты қызылшан ауруы 4-5 жылда көтеріліп отырады», – деді министр. 

Ол қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында шараларды атады. 

«Бірінші – қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялаумен 600 мыңнан астам бала қамтылды, бұл 1 жас және 6 жас аралығындағы балалардың 84,0%-ын құрайды. ДДҰ осы көрсеткіштің 80%-дан кем болмауын кеңес береді. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам бала вакцинациялауға жату керек. Екінші – ошақтарда егілмеген, байланыста болған 15 мыңнан астам адам шұғыл вакцинациялаумен қамтылды. Үшінші - бұрын вакцинация алмаған 18 жасқа дейінгі 63 мыңнан астам адамға екпе  жүргізілді», - деп мәлім етті сала басшысы. 

5 жасқа дейінгі балалардың арасында сырқаттанушылықты тоқтату үшін осы санатты жаппай имундау басталып кетті. 6 қарашадан бастап 100 мыңнан астам бала қамтылған. 

Министр қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін қызылшаға қарсы вакцинаның 1,5 млн. дозасы сатып алынғанын, оның 500 мың дозасы елге жеткізіліп, барлық медициналық ұйымдарда беріліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, желтоқсан айында 1 млн   доза жеткізіледі деп күтілуде. 

Сала жетекшісі қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдардағы қызылшаның алдыңғы өршуі кезінде дәлелденгенін еске салды. 

«Тек қосымша жаппай иммундаумен жоғары қамту ғана желтоқсан айында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға және 2024 жылғы қаңтарда сырқаттанушылықты азайтуға мүмкіндік береді деп болжап отырмыз. Вакцинамен басқарылатын аурулар мен асқынулардан балалардың денсаулығын қорғау туралы шешім қабылдайтын ата-аналардан вакцинациялаудан бас тарту көкжөтел, дифтерия, полиомиелит, сіреспе сияқты ұмытылып кеткен қауіпті аурулардың өршуіне әкелуі мүмкін екеніне, бұл көбіне жоғары мүгедектік пен өлімге әкелетініне аса назар аударуын өтінемін», – деді Ажар Ғиният. 

Сонымен бірге, министр 5жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарды Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес олардың екпелерінің бар-жоғын тексеруге, және міндетті түрде қосымша жаппай иммундау шеңберінде қосымша екпе алуға шақырды.