Ермек Көшербаев инвестициялардың басым көлемі полиметалл кен орындарын игеруге бағытталғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай Малеевское сияқты ірі қала құраушы кен орындары игерілетін болады. Жаңа Лениногор, Долинное, Чекмар жаңа кен орындарын іске қосу 2035-2040 жылдарға дейін кен өндіруге мүмкіндік береді.  Әкім бұл жобалар өңір экономикасына оң ықпал етеді деп сенім білдірді. 

Сонымен қатар, өңір басшысы қоғамда резонанс тудырған Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасын салу жобасына тоқталды.

«Бұл мәселе орталық мемлекеттік органдардың бақылауында. Экология және табиғи ресурстардың, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері аудан тұрғындарымен кездесті. Ауыл азаматтарына зауыт құрылысын тоқтатуға заңды негіз жоқ екенін түсіндірді. Жоба заң аясында іске асатын болды. Біз әкімдік ретінде инвестордан экология заңнамасын жергілікті халықтың мүддесін қатаң сақтауын талап етеміз», – деді Ермек Көшербаев. 

Ал Глубокое ауданында кері жағдай. Белоусовка ауылының тұрғындары кен орнының жабылуына қарсы. Әкімнің айтуынша, олар жаңа инвестордың пайда болғанын және жұмыс жалғасқанын қалайды. Себебі халыққа жұмыс орындары, ай сайынғы табыс қажет.

Осы ретте Ермек Көшербаев инвестициялық жобалар халық үшін және заңнама шеңберінде іске асырылуы тиіс екендігін атап көрсетті. Айта кетерлігі, бүгінде ШҚО халқының саны 728 мың адамды құрайды. Оның 244 мыңы немесе 34% – ауыл тұрғындары.