Каспий маңының өнеркәсіптік әлеуеті

Атырау облысында 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 14,1%-ға өсіп, 9,1 триллион теңгені құрады. 43,9 миллион тонна мұнай және 22,7 миллиард текше метр ілеспе мұнай газы өндірілді.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 2,4 триллион теңгені, оның ішінде сыртқы инвестициялар – 902 миллиард теңге, ішкі – 1,5 триллион теңге.

Былтыр облысқа жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыруды басым бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Алға қойған өзекті міндеттердің бірі – мұнай қоймаларының қуаттылығын арттыру. Бұл мәселеде ілгерілеу бар. Облыста үш инвестициялық жоба қолға алынды. Солардың бірі – сұйытылған газ сақтайтын қойма. Құны – 18 миллион доллар, объектіде 60 адам жұмыс істеп, 3 мың тонна газ сақталады. Жобаны келесі жылы іске қосу көзделген.

Жалпы, мұнай-газ бен энергетика саласында 2028 жылға дейін облыста жалпы құны 4,8 триллион теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

2023 жылы жалпы құны 23,1 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба іске қосылды. Атап айтқанда, өлшеу аспаптарын өндіру, сондай-ақ жел электр станциясы.

Сонымен бірге, өңірде бірнеше инновациялық өндіріс бойынша жұмыстар жалғасуда. Ең алдымен, бұл геотекстиль, сондай-ақ экструзиялық геосинтетикалық материалдар өндірісі. Өнімдерді автокөлік жолдары құрылысында, құбырлар салудағы гидротехникада, қоймаларда және басқа да салаларда пайдалануға болады. Бұған дейін бұл өнімдер шетелден сатып алынып келді. Жақын арада ішкі нарық отандық өніммен қамтамасыз етілмек.

Ауыл шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлінуде. Құны шамамен 10 миллиард теңгені құрайтын құс етінен жартылай фабрикаттар шығаратын құс фабрикасы 2024 жылдан бастап жылына 5 мың тонна өнім өндіретін болады. Жаңа жылыжай салу және жұмыс істеп тұрған жылыжайларды кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жобаларды іске асыру өңір экономикасын әртараптандыруға, өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Энергетика саласында қандай қуаттар іске қосылды және жаңғыртылды?

Батыс өңірін электр қуатымен сенімді жабдықтауды қамтамасыз ету үшін «KEGOC» АҚ облыстың энергетикалық жүйесін жетілдіру бойынша жобаларды жүзеге асырды. Қуаты 220 кВт жаңа желілердің құрылысы электр желілерінің өткізу қуаттылығын 100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін айтарлықтай арттырады. Бұл Маңғыстау өңіріне электр қуатын жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жалпы Қазақстанның біртұтас электр жүйесіне қосылу үшін қажет.

Жалпы ұзындығы шамамен 780 шақырым болатын «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша барлығы 220 кВт бес электр желісі салынды.

Сондай-ақ осы жылы 123 қосалқы станция мен 819 шақырым электр желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы Жантерек, Мұқыр, Кенбай, Доссор, ПМС, Зарослый елді мекендерінде 128 шақырымға жуық электр желісі ауыстырылды. Жыл соңына дейін Береке және Сарыөзек ауылдарындағы 122 шақырым электр желісін жаңғыртып, пайдалануға беру жоспарлануда.

Биылғы жылы Қызыл үй, Жасқайрат ауылдарына газ құбырлары тартылып, 102 шақырым газ құбыры тартылды. Сонымен қатар, 6 ауылға газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда тұрғындарды көгілдір отынмен қамту 98,8%-ды құрап отыр.

Жергілікті билік жаңа газ тарату станциясын салып, 46,8 километр болатын газ құбыры магистралін тартуды көздеп отыр. Бұл 160 мыңнан астам адам тұратын қалалар мен қала маңындағы елді мекендерді тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға арналған жолдар

Атырау облысы үшін өзекті мәселелердің бірі – республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысы.

Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын аталған жол учаскесінің 252 шақырымы пайдалануға берілді. Қалған 25 шақырымында жұмыс жалғасуда.

Жалпы, 2023 жылы облыста 240 шақырымнан астам, Атырау қаласында 88 шақырым, аудандарда 152 шақырымнан артық автокөлік жолы салынды. Жоспарға сәйкес 2027 жылға дейін қолданыстағы 77 шақырым жолды қайта қалпына келтіру, 46 шақырым жолды орташа жөндеу, 87 шақырым жолды күрделі жөндеу жоспарлануда.

Өңірдегі кәсіпкерлік қалай ынталандырылады?

Бизнесті қолдау және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. «Бизнестің жол картасы –2025» қарқын алып, кәсіпкерлікті қолдаудың ең тиімді тетігіне айналды. Бағдарлама аясында биыл бюджеттен 12,3 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі күні 816 кәсіпкерлік жоба жалпы сомасы 35,8 миллиард теңгеге қолдау тапты.

Мұнымен қоса, 2023 жылы облыста құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Бүгінгі таңда 2,3 миллиард теңгеге несие алуға 280 өтінім түскен. Оның ішінде, жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгені құрайтын 150 өтінім мақұлданып, жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгеге 137 өтінім қаржыландырылды.

Көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде ШОБ субъектілерінің саны артып келеді – бүгінде олардың саны 73,6 мың, ал жұмыспен қамтылғандар саны 150 мың адамға жетті.

Білім беру, медицина, тұрғын үй

Облыста 2023 жылы 10 мектеп ашылды, 3 мектеп күрделі жөндеуден өтті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектепте құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыста 10 мектеп салынып жатыр, оның екеуі Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ облыстағы 25 мектеп жаңғыртылды: яғни ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жаңа модификация кабинеттері, жаңартылған асханалар мен кітапханалар ашылды, қауіпсіздік жүйелері орнатылды және т.б. Келесі жылы МЖӘ тетігін пайдалана отырып, тағы 25 мектепті қайта жаңарту жоспарлануда.

870 орындық 3 жаңа балабақша ашылды. 2023 жылдың соңына дейін тағы 6 балабақша ашылады, оған шамамен 1,7 мың кішкентай атыраулық бара алады.

Арнайы білім беруді қажет ететін балалар үшін 2023 жылы 4 инклюзивті кабинет ашылады, жалпы осындай 25 кабинет жұмыс істейді.

Облыс бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 82%-дан 87%-ға дейін өсті.

Сала жетістіктерінің қатарында спорттағы дарынды балаларға арналған алғашқы мектеп-интернаттың ашылуы да бар. Жалпы облыста 14 737 спорт секциясы, соның ішінде 5900 – ауылдық жерлерде жұмыс істейді.

Биылғы жылы 4 денсаулық сақтау объектісі салынды, жыл соңына дейін тағы 8 объектінің құрылысы аяқталады. Облыста медицина мамандарын тарту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Қалалық медициналық ұйымдарға келетін мамандарға біржолғы 3 млн теңге, ал ауылдық медициналық ұйымдарға келетін мамандарға 5 млн теңгеден төлеу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ «Отбасы банкі» АҚ арқылы дәрігерлерге   арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылып жатыр. Бұл бағдарлама бойынша хирург, анестезиолог, реаниматолог, инфекционист, травматолог, невропатолог және т.б медицина мамандары баспана ала алады. Бағдарламаға қатысушылардың барлығы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының негізгі қызметкерлері болуы тиіс. Барлық өңірлердің ішінде бұл бағдарлама Атырау облысында бірінші болып қолға алынып отыр.

Өңірде баспана мәселесі өзекті. Бүгінде облыста 30 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Коммуналдық тұрғын үй қорынан 242 отбасы баспанамен қамтылған. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 292 жалдамалы пәтер сатып алынады.

Су тапшылығы: мәселенің алдын алу оңайырақ

Атырау облысы туралы айтқанда сумен қамту тақырыбын қозғамай кетуге болмас. Алдағы уақытта су тапшылығының 30%-ға жететіні жергілікті билікті қатты алаңдатып отыр. Осыған байланысты жаңа сүзгі станцияларын іске қосу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда №5 сүзгі станциясының құрылысы жүріп жатыр және келесі жылы толықтай аяқталады. №6 су құбыры және сүзгі станциясының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде, құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Сондай-ақ осы екі сүзгі станциясын сумен қамтамасыз ететін су сору станциясын салу жоспарлануда. Құрылыс келесі жылы басталады. Жергілікті билік алдағы бес жылда су тапшылығын болдырмау үшін осы стратегиялық маңызды объектілерді пайдалануды қолға алуда. Сонымен қатар, өңірдегі ауқымды жобалардың бірі – Атырау облысының Құрманғазы, Исатай, Жылыой аудандарының елді мекендерін, Маңғыстау облысының ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ететін «Астрахань – Маңғышлақ» магистральді су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.  Жаңартылған магистральдық су құбыры Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарына, кәсіпорындарына және ауыл шаруашылығына қосымша 60 мың текше метр су беру көзіне айналады. Халықты ауыз сумен қамту 99,7%-ды құрайды.

Су көлемін ұлғайту және өзендердің гидрологиялық режимін жақсарту мақсатында Жайық және Қиғаш өзендерін тереңдету жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Биылғы жылы Жайық өзенінің сағалары мен тармақтарында шамамен 33 шақырым, Қиғаш өзені мен оның тармақтарында жалпы ұзындығы 63 шақырым жер тереңдетілді.  

Ал Каспийдің таяздану мәселелерін шешуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Каспий теңізін зерттеу институтының қызметі ықпал етпек. Қазіргі уақытта институт ғылым және жоғары білім, су ресурстары министрліктерімен бірлесіп құрылады. Бас кеңсесі Ақтау қаласында, ал филиалы Атырауда болады.

Каспий теңізінің мәселелерін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі халықаралық алаңдарда көтеріп жүргенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы Алтыншы Каспий саммитінде де, БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы жалпы пікірталастарда да Каспий экожүйесін сақтау бойынша ұзақ мерзімді халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына назар аударды.

Атырау облысын дамытудың биылғы қорытындылары өтіп бара жатқан жылы облыста жоспарланған жобалар іске асырылып, заман талабына сай іс-шаралар әзірленгенін, сондай-ақ алдағы уақытта қол жеткізілетін жетістіктерге негіз барын көрсетеді.