Жүргізіліп жатқан жұмыс аясында іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми институттарға қосымша қаржыландыру бөлінді. Сондай-ақ жас ғалымдарды қолдау айтарлықтай күшейтілді – бүгінде олар 727 ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр.

Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыруды ынталандыру шараларының бірі – гранттық қаржыландыруды ұсыну. Өткен бірнеше жыл ішінде мұндай жобалардың елдің ғылыми-техникалық дамуына қосқан жалпы үлесі 68,6 млрд-ты құрады. Оның ішінде сату, салық төлемдері және т.б. бар. 2023-2025 жылдарға осы бағыт бойынша 62,1 млрд бөлінді, бұл өткен жылдардағы қаржыландыру көлемінен екі есе артық.

Министр 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыруға 16 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Жалпы 2029 жылға дейін 7 мамандандырылған инжиниринг орталығы мен ғылыми-технологиялық парк ашу жоспарланып отыр.

Коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған конкурстарды өткізу туралы «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Камиль Ақатов баяндама жасады.

Премьер-Министрдің айтуынша, ғылыми әзірлемелерді енгізу – өндірістерді жаңғыртудың және жалпы экономиканың инновациялық дамуының басты шарты.

«Өнеркәсіп сапасының өсуі үшін ғылым мен индустрияның тығыз интеграциясы қажет. Біз отандық ғылымның мүмкіндігін кеңейту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдаймыз. Тиісті шаралар кешені Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, басты назар қолданбалы ғылымды дамытуға, бизнесті ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыруда белсенді болуды ынталандыруға, ғылыми-технологиялық парктер мен инжинирингтік орталықтар құруға аударылады.

«Тұжырымдаманы іске асыру барысында ғылыми жобаларды коммерцияландыру мен бірлесіп қаржыландырудың үлесі 50%-ға дейін ұлғаяды деп күтілуде», — деді Премьер-Министр. 

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасында ғылыми жобалардың нәтижелілігін экономикадағы сұранысты ескере отырып қамтамасыз ету бойынша бірқатар норма қарастырылған.

«Осы құжатқа сәйкес ғылыми зерттеулердің технологиялық әзірлігін бағалауы енгізіледі, мұнда олардың идеядан іске асырылуға дейінгі кезеңдері бағаланады. Бұл теориялық әзірлемелерді тәжірибеге жуықтатуға ықпалын тигізеді», — деді Үкімет басшысы. 

Премьер-Министрдің айтуынша, сондай-ақ республикада технологиялық брокерлік және венчурлік қаржыландыруды енгізу көзделуде. Бұл бизнесті ғылым саласына атсалысуға ынталандырып, ғылыми жобалардың нақты нәтиже беруі үшін ортақ жауапкершілікті арттырады.

«Ғылымға жеке инвестициялардың тартылуы үшін салықтық жеңілдіктер мен преференциялар көзделетін болады. Ғылымды жергілікті бюджеттен қаржыландыруға алғаш рет мүмкіндік беріледі. Жалпы республикалық бюджеттің ғылыми мақсаттарға жұмсалатын шығыстары соңғы 3 жылда 3,3 есе өсіп, 643 млрд теңгені құрады. 2024-2026 жылдарға шамамен 730 млрд теңге қарастырылған», — деді Әлихан Смайылов. 

Бұл ретте Үкімет басшысы осы саланы қаржыландыруға жұмсалатын шығыстардың ұдайы өсіп отырғанын ескере отырып, ғылыми жобалардың нәтижелі болуын арттыруға, олардың қолданбалы сипатына баса мән берген жөн екенін айтты.

Осыған байланысты Премьер-Министр 1 наурызға дейін жобаларды коммерцияландыру барысында күтілетін нәтижелерді нақтылау үшін Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларын өзектендіруді тапсырды.

Оған қоса Үкімет басшысы 2024 жылдың соңына дейін әкімшілік процестерге реинжиниринг жүргізіп, кедергілерді азайтып, ғылыми жобаларды іріктеудің барлық кезеңін автоматтандыруды, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді сатып алуды бір орталықтан жүргізуді талап етті.

«Әкімдіктермен, өңірлік жоғары оқу орындарымен бірге өңірлер экономикасының нақты сұраныстарына орай коммерцияландыру жобаларын іріктеудің және қолдаудың тиімді механизмдерін пысықтау қажет», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.