ҚР Әділет министрлігі Мемлекеттік мүлік құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Дастан Смағұлов атап өткендей, ведомство шетелдік төреліктерде, мемлекеттік және сот органдарында еліміздің мүдделерін қорғауды және білдіруді қамтамасыз етуге жауапты бола отырып, ҚР Президенті белгілеген бағытты белсенді түрде жүзеге асырады.

Конференцияның мақсаты қазақстандық заң фирмаларының осы бағыттағы әлеуетін пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу болды.

«Сұрақтардың кең ауқымы талқыланды, өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер пысықталды. Министрлік аталған жоспарларды жүзеге асыру кезінде отандық фирмаларды тарту қажеттілігін түсініп отыр, өйткені халықаралық форумдарда туындайтын тақырыптар көбінесе қазақстандық құқық мәселелерін қозғайды. Бүгінде салық, экология, әкімшілік-іс жүргізу және басқа да құқықтық салада тәжірибесі мол сарапшылар қажет. Қазірдің өзінде көптеген қазақстандық фирмалар мен түрлі салалардағы құқықтық сарапшылар халықаралық аренада өздерінің бәсекеге қабілеттілігін көрсете алды. Осылайша, олар Қазақстанның мүдделерін қорғауға үлес қосады. Біз отандық фирмалардың дауларды шешу бойынша халықаралық аренада табысқа жетудің кілті бола алатын тәжірибесі бар екенін түсінеміз. Министрлік өз алдына аккредиттелген және мемлекетпен даулары жоқ, кәсіби білімі мен тәжірибесі бар заңгерлер мен сарапшылардың пулын қалыптастыру міндетін қояды», – деп атап өтті спикер.

Келешекте отандық сарапшылар мен заңгерлер қазіргі даулар мен процестерді, арбитражға дейінгі және сотқа дейінгі дауларды реттеу шеңберінде, сондай-ақ құзыретті маманның пікірін алу үшін жүгінуге болатын сенімді тұлғалар ретінде тартылмақ.