Оның айтуынша, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі, олардың жалақысын талдаған кезде түлектердің өздері жұмыс орнынан алып келетін анықтамалары есепке алынбайды. Зерттеуде жұмысқа орналасу жылдамдығын, жалақы деңгейін және жалпы жұмысқа орналасуды анықтау үшін 2022 жылдың тамызынан бастап 2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңдегі түлектердің ай сайынғы зейнетақы аударымдары туралы ақпарат қолданылды. 

«2023 жылы рейтинг аясында 2090 білім беру бағдарламасы бойынша 121 рейтинг қалыптастырылды. 100 мың түлектің деректері талданды, білім беру бағдарламаларының өзектілігін бағалау үшін тиісті салалардан еліміздің әртүрлі өңірлерінен 190-нан аса сарапшы жұмысқа тартылды, нәтижесінде 2 мыңдай эксперттік қорытынды жасалды. Жүргізілген талдау нәтижесінде біршама қызықты статистикалық деректер анықталды. Мысалы, түлектердің жалпы санынан 8,4%-ы магистратурада оқуды жалғастырған, 5,4%-ы үш жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста, ал 1,4%-ы – ол шетел азаматтары», – деді спикер.

Түлектердің жалпы саны жылдан жылға артып отыр: 2021 жылы 73 мың, 2022 жылы – 81 мың, ал 2023 жылы – 100 мыңнан асты. Оның 47% -ы – ерлер және 53%-ы – әйелдер. 

«Әйелдер арасында түлектердің 86%-ы тұрақты жұмыс істейді, 8%-ы шартты түрде жұмыс істейді және 6%-ы жұмыс істемейді. Ерлер арасында 80%-ы тұрақты жұмыс істейді, 13%-ы шартты түрде жұмыс істейді және 7%-ы жұмыс істемейді. Түлектердің медианды жалақысы да оң динамиканы көрсетіп отыр. 2021 жылы жалақының орташа деңгейі 114 мың теңге болса, 2023 жылы 168 мың теңге шыққан», – деп атап өтті «Атамекен» палатасының өкілі. 

Оның айтуынша, түлектердің 70%-ы бітіргеннен кейінгі алғашқы 3 айда жұмыс табады, 29%-ы диплом алғаннан кейін 3 айдан 6 айға дейін жұмыс іздейді, 1%-ы жұмысты 6 айдан астам уақыт іздейді.

Өңірлік талдау барысында түлектердің жалақы деңгейін, жұмысқа орналасуын және жұмыс іздеуге кететін уақытын ескере отырып, әр өңір бойынша олардың орташа көрсеткіштері бағаланды. Нәтижесінде ең жоғары жұмысқа орналасу деңгейі Алматы облысы түлектерінде, ал ең төмен жұмысқа орналасу деңгейі Жамбыл облысы түлектерінде. Ал, Ұлытау облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Атырау облысы Алматы облысы және Алматы түлектері ең жоғары жалақы алатыны анықталды.

«Бағыттар бойынша «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» бағытының түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі ең жоғарғы екені анықталып, 89% құрады, ал ең төменгі көрсеткіш «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» бағыты бойынша 76% шықты», – деді А.Бейсенбенов.