Жаңа модель отбасының сұранысына байланысты төрт балабақшаға дейін таңдауға мүмкіндік береді. Орындарды бөлу процесін ашық жүргізу үшін және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында SMS-хабарлама жіберіледі.

Балабақша мен ондағы бос орындар туралы ақпаратты «Кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы» шеңберінде электрондық үкімет порталындағы Карта арқылы алуға болады. Ата-ана картаны басшылыққа ала отырып, тұрғылықты жерінің маңындағы, жұмысына жақын немесе басқа жеке қалауы бойынша балабақшаны таңдай алады.

Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өтініш берудің бірнеше тәсілдері енгізілді. Атап айтсақ: электрондық үкімет порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары және жергілікті атқарушы органдардың платформалары.

Бұдан басқа, жеңілдік мәртебесін растау үшін қағаз анықтамаларды жинау алынып тасталады. Олар автоматты түрде мемлекеттік дерекқорлардан алынады. Балабақша таңдалғаннан кейін кезек нөмірі беріліп, ата-анаға хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ, егер отбасында екіден көп бала болса, оларды бір балабақшаға қабылдау мүмкіндігі беріледі.

Бүгінде жоба Шахтинск және Петропавл қалаларында жүзеге асырылуда. Пилот аяқталғаннан кейін «Кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы» бүкіл ел бойынша енгізіледі.