Оның айтуынша, кәсіпқой сержанттарды даярлау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері үшін талап етілетін үш мамандық пен төрт біліктілік бойынша жүзеге асырылады. 

Атап айтқанда,  оқу ордасы байланыс, радиоэлектроника және коммуникация құралдарының технигі, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану, жөндеу технигі, инженерлік саперлік бөлімшелерді басқару, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлері бөлімшілерін басқару бойынша маман даярлайды. 

«Оқуды бітірген азаматтар «кіші сержант» әскери атағын, «В» және «С1» санатындағы жүргізушілерді даярлау курстарын аяқтағаны туралы куәлікті алады және олар әскери бөлімдерге 100% жұмыспен қамтылады. Әскери колледжде оқуды үздік аяқтаған азаматтар жоғары әскери оқу орындарына бірден екінші курсқа түсуге құқылы және қысқартылған оқу бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырады», – деді спикер.

Колледжден кейін әскери институттарға түсетін азаматтар колледжде оқу кезеңінде өткізілетін рейтингтік іріктеу нәтижелері бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ қабылданады. Айта кетерлігі, биыл «Жас Ұлан» республикалық мектеп базасында құрылған әскери колледжді алғашқы түлектер, кәсіби сержанттар бітіріп шығады.